Қапшағай су қоймасынан бір күнде 6 адам құтқарылды

0
0

Қапшағай су қоймасынан бір күнде алты адам құтқарылды. Оның төртеуі катамаранмен серуендеп жүріп, қатты желден көлдің ортасына кетіп қалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Фото: mytabigat.kz

«24 маусым күні 4 адам екі катамаранмен серуендеп жүргенде қатты жел оларды жасанды көлдің ортасына әкетіп қалған. Абырой болғанда, жүзу құралы аударылмады. Оның үстіне қауіпсіздік кеудешесі демалушылардың аяғының астында болған. Бұл тіптен қауіпті. Ең бастысы құтқарушылардың жедел әрекетінің нәтижесінде барлығы дін аман», — деп мәлімдеді Алматы облыстық ТЖД баспасөз қызметінен.

Құтқарушылардың мәліметінше, екінші жағдайда ішімдік ішіп алған ер азамат жағалаудан 400 метр жерге жүзіп кеткен. Ал үшінші жағдайда скутермен суда жүрген ер адам жағалаудан 2 шақырым алыстап, құрылғысы оталмай қалған.

Мамандардың көмегімен барлық адам жағалауға аман-есен жеткізілген. Төтенше жағдай қызметінің мамандары суда қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескертеді.

Яғни, ауа райы қолайсыз кезде суға түспеу керек.

Айта кетейік, Қапшағай су қоймасында күніне 10-ға жуық құтқарушы адам қауіпсіздігін сақтау мақсатында жұмыс істейді.

Ал демалыс күндері олардың саны екі есе артады.



ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ