Қарағандыда анасы тастап кеткен сәби Балалар үйіне берілді

0
3

Анасы ауруханада тастап кеткен сәби мамандандырылған балалар үйіне берілді. Әйелдің өзі осыны сұраған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Фото: Көрнекі фото

«22 мамырда баланың анасы өтініш жазып, бір жастағы сәбиін «Шапағат» балалар үйіне тапсыруды сұрады. Әйел қазір отбасылық жағдайы тым нашар екенін, лажсыздықтан осылай істеп жатқанын айтты. Осы мекемеге өткізуге баланың жасы жетеді. 23 мамырда оны балалар үйіне өткіздік. Баланы бұл жерде ең арысы жарты жыл ғана қалдыруға болады, ал әйел үш айға деп өтініш жазды.

Ол өз баласынан бас тартып жатқан жоқ, жағдайы оңалған бойда қайтарып алмақшы. Егер ала алмаса да, мерзімін ұзартуына болады. Егер қазіргі мерзім аяқталғанға шейін анасынан хабар болмаса, балалар үйімен бірлесе отырып, ата-ана құқығынан айыру туралы арыз береміз», — дейді Абай ауданы қорғаншылық және қамқоршылық секторының меңгерушісі Жанна Шонаева.

Еске сала кетейік, Қарағандыда ауыр науқасқа шалдыққан әйел баласын ауруханада қалдырған болатын. Үш апта бойы ана баласынан хабар алған жоқ. Әйел мұны қазіргі жағдайы нашар, сәбиден тыс тағы бес баланың қамын ойлап жатқанымен түсіндірді. Оның екеуі әлі кішкентай. Үлкен балалары мектепке кеткенде оларға қарайтын ешкім жоқ. Күйеуі Абай қаласында тұрады. Әйелдің ері отбасын жалғыз өзі асырап отыр. Денсаулық сақтау басқармасындағылардың айтуынша, баланың ендігі тағдырын қорғаншылық және қамқоршылық органдары шешеді.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ