Қаскелеңдегі мұқтаж жандарға жеңілдікпен берілетін пәтерлерге қатысты дау шықты

0
27

Әлеуметтік желілерде Қаскелеңдегі әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға жеңілдікпен берілетін пәтерлер жалға, нақтырақ айтқанда тәулікке жалға беріліп жатқандығы туралы мәлімет пайда болды. Аталған жайтқа қатысты Қарасай ауданында тексеріс басталды, деп хабарлайды UZYN.KZ тілшісі.

Instagram-дағы kaskelen.kz паблигінде пост жарияланып, онда 2010 жылы салынған тұрғын үй ғимаратындағы пәтердің жалға беріліп жатқандығы ашық айтылған. Автордың айтуынша, мұқтаж әрі баспанасы жоқ жандарға жеңілдікпен берілген бұл пәтерлердің бірі тәулігіне 8 мыңға жалға беріліп жүр. Бұл туралы хабарлама сайттардың бірінде жария болған.

«Бұл «Алтын ауыл» ықшам ауданында орналасқан 19-үй.

Мұнда жалпы 64 пәтер бар. Әкімдік берген мәлімет бойынша, көпқабатты үй 2010 жылы салынып, 2011 жылы қолданысқа берілген.
Пәтерлер Қарасай аудандық тұрғын үй комиссиясының 2011 жылғы 18 ақпандағы №24 шешімімен мүгедектерге, жетім балаларға, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, мемлекеттік және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне, сондай-ақ зейнеткерлерге таратылған.

Аталған азаматтармен жалдау немесе жалға беру туралы келісім-шарт жасалған, яғни бұл пәтерлер жекеменшікке өтпеген.

Әкімдік пен тұрғындар арасындағы жалға беру туралы келісімшартта аталған пәтерлерді жекешелендіруге болады немесе болмайды деген талап көрсетілмеген.

Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, бұл пәтерлер үйсіз жүрген, әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға берілген. Демек, мұнда баспанаға шынайы мұқтаж жандар тұрады.

Алайда, біз мына жайтты байқадық. krysha.kz сайтында дәл осы 19 үйден бір бөлмелі пәтер тәулігіне 8 мың теңгеге жалға беріледі екен.

Сонда баспанаға мұқтажбыз деп пәтер алғандар неге өз пәтерін қайта жалға беруде. Тұрғын үй комиссиясы оларды неге тексермейді?
Осы пәтер арқылы біреулер бизнес жасап жүргенде, шынымен баспанаға мұқтаж жандар далада жүрген шығар?! Бұл бір ғана мысал…

Осы жайтты тиісті органдар назарға алып, нәтиже шығарады деген үміттеміз», — делінген паблик постында. 

Аталған жайтқа Алматы облысы Қарасай ауданы әкімдігі тарапы да жауапсыз қалмады. 

«Бұл жарияланымға қатысты ауданда жергілікті атқарушы органдар, «Нұр Отан» партиясы және БАҚ өкілдерінен құралған комиссия құрылып, жақын арада «Алтын ауыл» ықшам ауданындағы 19-үй бойынша тексеру жүргізілетін болады. Нақты жауап тексеруден кейін берілетін болады», — делінген хабарламада. 

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ