Қазақстанда әрбір екінші отбасы ажырасады

0
3

Қазақстанда ерлі-зайыптылардың ажырасуы белең алды. Бұл туралы «Қазақстан әйелдері қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің президенті Гүлнар Байымбетова Астанада өткен арнайы отырыста мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Фото: ҚазАқпарат

«Қазіргі уақытта Қазақстанда отбасы мен қоғамдағы гендерлік теңдік мәдениетіне баса назар қойылып отыр.

«Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы», «Неке және отбасы туралы» заңдар, 2030 жылға дейінгі ҚР отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы қабылданды. Бұл заңнамалар Тұрақты даму мақсаттарының бірі — гендерлік сезімтал қоғамдық сананы қалыптастыруға бағытталаған. Бірақ, іс жүзінде қазіргі механизмдер жеткіліксіз», — деді Г. Байымбетова Астанада өткен «Бала аумағы — бақыт аумағы» отырысында.

Оның айтуынша, Қазақстанда әрбір екінші неке ажырасумен аяқталады, оның 83%-ының ортақ балалары бар. 400 000 ана балаларын жалғыз тәрбиелеп отырса, 60 000 жалғызбасты әке бар.  «Келешек» психологиялық орталығының директоры, Астана қаласы әкімі жанындағы әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат комиссиясының мүшесі Наталья Семененко елордадағы жағдайдың да мәз еместігін жеткізді.

«Ажырасушылар саны өте көп. Статистикалық дерек бойынша, Астанада әрбір үшінші отбасы ажырасады. Қазақстанның солтүстік өңірлерінде — әрбір екінші отбасының шаңырағы шайқалады. 82%-ының ортақ балалары бар. Өткен жылы Қазақстанда 40 мыңнан астам ажырасу фактісі тіркелді», — деді Н. Семененко.

Британдық «The Economist» басылымының әлемдік рейтингінде Қазақстан ажырасу саны бойынша 10-орында тұр

Сарапшылар неке бұзылғаннан кейінгі балалардың тұратын жері мен ата-аналардың баламен қарым-қатынас уақыты туралы дау-дамайдың да айтарлықтай өскенін жеткізді.

 

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ