Қазақстандық оркестр Италия төріндегі концертін Денис Теннің рухына арнады

0
1

«Академия солистов» мемлекеттік камералық оркестрі Италияның Берголо қаласында өткен концертін қаза болған Олимпиада жүлдегері Денис Тенге арнады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне сілтеме жасап.

Фото: ҚазАқпарат

«Қазақконцерт» мемлекеттік ұйымының «Академия солистов» камералық оркестрінің концерті ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Velia» музыкалық фестивалі аясында өтті.

Кеш 1 минут үнсіздікпен басталып, Қазақстанның xалық әртісі, «Солистер академиясының» көркемдік жетекшісі Айман Мұсақожаева Денис Тенның қазасына байланысты қазақстандықтар мен оның туған-туыстарына көңіл айтты.

«Жұлдыздай жарқ еткен Денис Теннің мезгілсіз дүниеден өтуі барлығымызға ауыр тиді. Бұл жағдай барша Қазақ елі үшін ауыр қайғы. Сондықтан біз фестиваль аясындағы алғашқы концертті Денис Теннің құрметіне арнадық. Жас әрі талантты, Қазақстан мен әлемнің сүйіспеншілігіне бөленіп үлгерген Денис еліміздегі спорттың дамуына зор үлес қосты. Оның есімі, жетістіктері мен ерен еңбегі жүрегімізде мәңгі сақталмақ. Оның жалыны сондай алаулап жанды да, сондай ерте сөнді. Жарқын тұлға Денис Тен — еліміздің жарық жұлдызы. Концертке келген италиялық өнер сүйер қауымға біз Денис туралы әңгімелеп, концертті соның құрметіне арнадық», — дейді А.Мұсақожаева.

Айман Мұсақожаева спортшының рухына арнап Брамстың, Сен-Сансенің, Ваксманның, Сарасатенің белгілі композицияларын орындады.

Сонымен қатар, концерттің шымылдығын Үкілі Ыбырайдың «Қызыл асық» әнімен ашқан дәстүрлі әнші Асқар Мұқият пен отандық опера әншісі Азат Мәлік Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін орындап, еуропалықтардың жоғары бағасын алды.

Екі сағатқа созылған концерт талғампаз көрерменнің қошеметіне бөленді.

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ