Қазақстанның өнер жұлдыздары Хан Тәңірі шыңына шықты

0
1

 Қазақстандық театр және кино саласының өкілдері Әнуар Нұрпейісов пен Айсұлу Әзімбаева Хан Тәңірі шыңынан оралды. Олар қызығынан қиындығы көп сапары жайлы баспасөз мәслихатында айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Фото: ҚазАқпарат

Екі аптаға созылған медиаэкспедицияға актерлардан бөлек «Жетісу» географиялық қауымдастығының жетекшісі Әнуар Демегенов пен әрі спортшы, әрі оператор Александр Кузнецов қатысты.

Актер Әнуар Нұрпейісов тілшілерге берген сұхбатында Хан Тәңірі шыңына көтерілу өмір мен өлім арасындағы арпалыс деп бағалады. Талантты жұлдыз теңіз деңгейінен 4 мың метр биіктіктен асқан кезде өмірді қадірлеуді үйренгенін жасырмады.

Ал Айсұлу Әзімбаева еліміздегі ең биік шыңды бағындыру бұл үлкен ғылым деп бағалады. «Кез келген адам иығына 15-20 кг жүкті асына салып тауға шыға алмайды. Ол үшін ұзақ физикалық және жүйке дайындығы қажет дейді», — дейді Айсұлу Әзімбаева.

Бұл сапарында Әнуар Нұрпейісов 5400 метр биіктікті місе тұтса, нәзік жанды Айсұлу 6 мың метр биіктікке көтеріле алған. Ауа райы ойдағыдай болса да, шыңның ең биік нүктесіне  жетуге медиаэкспедициядағы ешкімнің шамасы жете қоймаған. Олар оның себебі дайындықта деп түсіндірді. Себебі кәсіби альпинистер мұндай биіктіктерге жылдар бойы дайындалып көтеріледі. Ал бізге уақыт тығыз болды, дейді экспедиция мүшелері.

Дегенмен, болашақта жоба жалғасып жатса, тәуекел деп тағы бір мүмкіндіктерін сынап көруге дайын екендіктерін жеткізді.

20 градус суықта түнеп, қар көшкіндерін өз көздерімен көрген өнер иелері бұл сапары жайында деректі фильм шығаруды жоспарлап отыр.

 

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ