ҚР Президенті: Алматы облысы тұрғындарының береке-бірлігі қуантты

0
8

Алматы облысы тұрғындарының береке-бірлігі мен ел ертеңіне деген нық сенімі қуантты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірге жасаған жұмыс сапарының алғашқы күнінен кейінгі осындай әсерімен Instagram-парақшасында бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жер жәннаты Жетісу мен үшін өте ыстық өлке. Қаратал өзенінің жағалауында ақсақалдармен, жастармен әңгімелестім. Жергілікті тұрғындардың береке-бірлігі мен ел ертеңіне деген нық сенімі қуантты. Талдықорған еліміздің қарқынды дамуының жарқын үлгісіндей!», — деп жазды Қ.Тоқаев.

Фото: ҚазАқпарат

Сондай-ақ Ақорданың Instagram-дағы ресми парақшасында Мемлекет басшысының өңірге жұмыс сапарының алғашқы күніне қысқаша видео-шолу ұсынылды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 2 мамыр күні ҚР Президенті жұмыс сапарымен Алматы облысына барды.

Алдымен Қ.Тоқаев Салтанат сарайында өңір жұртшылығымен, кәсіпкерлермен кездесті. Оның барысында аймақтағы жолдардың 22 пайызы сын көтермейтінін айтып,  облыс әкіміне нақты міндеттер жүктеді. «Өңір басшысына апатты жолдарды қалпына келтірудің 2025 жылға дейінгі жоспарын құруды тапсырамын», — деді ол.

Сондай-ақ жер мәселесіне қатысты әкімдерге тапсырмалар берілді.

«Жер еңбек етем деген азаматтардың иелігінде болуы тиіс. Сондықтан әкімдіктер екі мәселені шешіп алсын. Біріншіден, жер телімдерін бөлуде ашықтықты қамтамасыз ету керек. Екіншіден, жер ресурстарының тиімді пайдаланылуын қатаң қадағалау қажет», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек, еңбектенуден гөрі мемлекеттің берген жәрдемақысына өмір сүруді құп көретіндер анықталатын болды. Сонымен қатар, әкімдікке жұмыс істейтін жастар мен жас отбасыларға баспана салуды күшейту, «7-20-25» бағдарламасы аясында алғашқы жарна ретінде тұрғын үй сертификаттарын беру механизмін енгізу міндеттелді.

Өз кезегінде Алматы облысының әкімі Амандық Баталов өңірдегі өзекті мәселелер жайлы баяндады.

«Біздің облыс өте үлкен. 732 елді мекен бар. Басқа өңірлермен салыстырғанда ауызсумен қамту деңгейі жоғары — 86 пайызға жетті. Бірақ, облыс үлкен болғандықтан 200-ге жуық ауыл әлі таза ауызсуға қол жеткізе алмай отыр. Екінші өзекті мәселе — үшауысымды мектептер саны азаймай тұр. Себебі, демографиялық ахуал жылдан-жылға өсуде. Бір жылда 50 мыңға жуық сәби дүниеге келеді. Қазір 14 мектеп салынып жатыр. Ал 20 мектептің жобалық-сметалық құжаттарын  дайындап, үкіметке өткіздік. Егер бұл мәселе шешімін тапса, біз үшін үлкен көмек болар еді», — деді А.Баталов.

Аймақ басшысының айтуынша, жаңа мектептерді салуға 29 млрд теңге қажет. Қазақстан Президенті Үкіметке және облыс әкімдігіне 2021 жылға дейін мектеп құрылысына қатысты мәселені шешуді тапсырды.

Одан кейін Мемлекет басшысы Өңірлік кәсіпкерлер палатасында «Бизнеске арналған Үкімет» жобасымен, аккумулятор батареяларын құрастыру кәсіпорнының жұмысымен, «Қаратал-АГРО» сервистік дайындау орталығында көктемгі егіс жұмыстарының барысымен танысты.



ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ