Қытай мен Корея елдерінде білім алмақ болған талапкерлер алданып қалды

0
6

Жеке компания отызға жуық түлекке шетелде грантқа жоғары оқу орындарына түсіреміз деп, ақша жинаған. Алайда, айтылған университеттермен келісім жасалмай қалды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Көрнекі фото: 420on.cz

Телеарнаның мәлімдеуінше, миллиондап тапсырылған қаржының қайда кеткені белгісіз. Ата-аналары өздерін алаяқтың құрбанына айналдық деп отыр.

Талапкерлер үшін Қытай, Корея, АҚШ елдеріндегі белді университеттерде бакалавриат, магистратурада білім алуға мүмкіндік береміз деп үміткерлерді жинаған. Ата-аналардың сөзінше, 30-ға жуық шәкірт таңдалған. Шетелдік визаға кетер шығыннан бөлек қомақты қаржы сұралыпты. Ол үшін студент грантта білім алып, ай сайын 500 долларға дейін стипендия алады деген.

«Бізден 2 750 доллар бір алды жаздық курсқа деп. 160 доллар бір алды. Содан кейін университетке оқытамыз, стипендиямен бәріне 5 500 доллар алды. 8 710 доллар болды ғой», — дейді талапкердің әкесі Нұрланбек Махмұт.

Алайда, талапкерлер армандаған білім ордалары ешқандай құжат қабылдаған жоқпыз деп жауап қатқан. Басына жай түскендей күйде қалған ата-аналар мен талапкерлер компания кеңсесіне келіп мән-жайды сұрауда. Басшысы орнында жоқ болып шықты. Мекеме өкілі оған телефон арқылы хабарласып шақыра алмай әлек.

Компания арқылы әр студентпен жасалған жеке келісімшарттары да бар. Тиісті университеттің мөрі де басылыпты. Ата-аналар ол құжат жалған болып шықты дейді. Ал Кореяға кеткен біраз студенттің визасы дұрыс болмай, шекара заңнамасын бұзғаны үшін елге қайтарылған.

«Корей елінен визасы болмай, оқулық визасы болмай осындай штамппен депортация штампымен балам қайтып келіп отыр. Мына орталық жасауы керек еді визаны. Паспорттарды жинап алған. Бір жыл құр кетіп отыр. Баламның жағдайын айту өте қиын. Психикасы бұзылған, ешкімге сенбейді», — дейді тағы бір талапкердің анасы Бақытгүл Лиманова.

Талапкерлер өздерінің бет-жүзін камераға көрсетпеуін өтінді. Қатарластарының алдында ұятқа қалдық деп отыр. Ал жағдайды ашық айтуға келіскендері алданғандарына әлі сене алмай тұр.

«Университетпен біз хабарласып көрдік. Олар айтады, сіз бізге документтерді жіберген жоқсыз дейді. Егер жіберсеңіз, біз сізге шақыру қағазын жіберуші едік дейді. Бұрын-соңды алаяқтарды көрмегенмін. Мына адамға мен сендім. Барлығын істедім, барлығын жасадым, соңына дейін алдау дегенді мен бірінші рет көріп тұрмын. Өте жаман сезініп тұрмын өзімді», — дейді алданған талапкер Айжан Сағынбай.

Ақбота есімді компания төрайымы он минутта келем дегенше арада бірер сағат уақыт өтіп кетті. Ақыры, басшы келді. Визамен кеткен ақау барын мойындады. Бірақ оған шетелге бірінші рет шыққан студенттер кінәлі деп отыр. Қайтар жолын компания өзі өтеген көрінеді. Біз күткенше басшы, барлық тиісті құжаттарды жинаумен әлек болған екен. Сөзіне сенсек, жерде қалған студент жоқ, сондықтан даурығуға да негіз жоқ дейді. Шетелден жауап ұзақ уақыт күткендіктен түсініспеушілік туындаған сыңайлы.

Ал, басшыдан уақытылы жауап ала алмаған ата-аналар полиция мен прокуратураға арыз жазуға кетіп қалған. Көтерілген мәселе оң шешілсе, істің де қозғалуы екіталай.

 

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ