Қытайдың Сиань қаласындағы музейде «Алтын адам» көрсетілді

0
11

Бүгін ҚХР Шеньси провинциясы Сиань қаласында «Ұлы Дала мұрасы: зергерлік өнердің жауһарлары» атты көрме мен «Қасиетті Қазақстан» фотокөрмесі өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Фото: ҚазАқпарат

Шараны Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі мен Шеньси провинциясының Тарихи музейі «Алтын адамның бүкіл әлем музейлерін шарлауы» атты халықаралық көрмелік жобаны жүзеге асыру аясында ұйымдастырған.

Көрменің экспозициясына «Алтын адам» ғана емес, Есік қорғанынан табылған руникалық жазуы бар күміс ыдыс, жарқыраған, біздің заманымызға дейін V-IV ғасырларда соғылған екі барыс бейнесі бейнеленген белдік, XV ғасырдың басында жасалған бірегей зергерлік бұйымдар, сонымен қатар Орталық Қазақстандағы Талды-ІІ қорғанында табылған (біздің заманымызға дейін VII ғасырдың ортасы) мұралар қойылды. Көрмеге келушілер сондай-ақ 2012 жылдың сәуір айында Батыс Қазақстан облысының Тақсай-1 кешенінде табылған әйгілі сармат әйелінің реконструкцияланған түрін (б.з.д. VI ғасырдың соңы мен V ғасырдың ортасы) көре алады. Көрмеге қойылған бұйымдардың көпшілігі алтыннан жасалған. Көне мұралар сақ-сібір аң стилінің жәдігерлеріне жатады.

Көрменің ашылу салтанатында Шеньси провинциясы губернаторының орынбасары Лу Чжиюань, Қазақстан Республикасының Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышев, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Амангелді Дәуренбаев пен Мұрат Теміржанов, Сианьда акредитациядан өткен Оңтүстік Корея, Таиланд, Малайзия мен Камбоджа елдерінің дипломаттары, Шеньси провинциясының мемлекеттік органдарының, іскерлік және ғылыми ортаның, білім және мәдени мекемелерінің өкілдері келіп қатысты. Көрме 2018 жылдың 12 қыркүйегіне дейін жалғасады.

Еске сала кетсек, «Алтын адамның бүкіл әлем музейлерін шарлауы» атты халықаралық көрмелік жобасы Беларусь елінен (Минск, 2017 жыл) бастау алып, Ресей арқылы (Мәскен, 2018 жылдың сәуір-мамыры) өткен болатын. Осы жылы Қытайдың Сиань қаласындағы музейден кейін «Алтын адам» Әзербайжан Республикасының (Баку) Ұлттық музейінде, Гданьск Ұлттық музейінде (Гданьск, Польша) және Кореяның (Сеул) Ұлттық музейінде көрсетілетін болады.

Ал 2019 жылы жоба арқылы Жапония, Грузия, Ұлыбритания, Испаниямен Түркия, 2020 жылы АҚШ, Италия, Австрия, Франция мен Германияны басып өту көзделген.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ