Қытаймен шекаралас Достық бекетінде алып кешен тұрғызылуда

0
5

Аудан орталығынан шалғай орналасып, шаңырағын шегаралы аймаққа тұрғызған Достық ауылдық округінде спорт саласына жіті көңіл бөлінуде. Спортқұмар жастарға қолдау көрсету мақсатында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының тапсырысына сай мұнда алып кешен тұрғызылуда, деп хабарлайды Алакөл ауданының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған UZYN.KZ.

Фото: Алакөл ауданының баспасөз қызметі

Дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысын «Дәулет Серпін 603» ЖШС жүргізуде. Жобаның жалпы құны 1 миллиард 22 миллион теңгені құрап отыр. Кешеннің жалпы аумағы 1,6 гектар болса, ғимараттың көлемі 6,907 шаршы метр. Екі қабатты нысанның аумағында 22 және 15 автокөлікке арналған тұрақ, асхана, 124 көрермендік әмбебап зал және жаттығу орындары бар. Мұнда 33 жаңа жұмыс орны да ашылмақ.

«Қазіргі таңда жұмыс өз жүйесімен атқарылуда. Құрылыс сәуір айында басталған. Аяқталу мерзімі 2021 жылдың мамыры деп жоспарлап отырмыз. Аталған жұмыстарға 30 адам және 4 техника жұмылдырылған.

Ешқандай да кедергісіз қызметімізді жалғастырудамыз. Бұл нысан өз кезегінде ауылдағы балаларды спортқа баулу және болашақ чемпиондарды шығарғанға үлкен серпін бермек», – дейді құрылыс тобының басшысы Жандос Жетпісбаев.

Достық ауылының саф ауасымен тыныс алып, құтты топырағына аунап өскен жеткіншектердің арасында Қазақстан чемпионаттарының жеңімпаздары болып жүргендері жетерлік. Аядай ғана ауыл баласы республика көлемінде топ жаруы ең алдымен бапкерлердің тыңғылықты жұмысы мен спортшының талпынысының арқасы деп білеміз.

Фото: Алакөл ауданының баспасөз қызметі

Ал сол жеңіс пен жетістіктер тізбегін жалғау үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашу өзекті дүние екендігі дау тудырмас. Бұл ретте дене шынықтыру және сауықтыру кешені Достықтан шығар чемпиондардың қатарын көбейте түседі деген сенімдеміз.

«Шыны керек, соңғы жылдары аудан спорт саласынан жаңа деңгейге көтерілді. Әлемдік сахнада өнер көрсетіп жүрген тарланбоздарымыздан бөлек спорт олимпиадасына жаңадан қадам басып келе жатқан жас чемпионарымыз көп.

Спорттың қай түрін алсаңыз да, республикалық, халықаралық, әлемдік деңгейдегі додаларда аламан басынан көрініп жүрген жерлестерімізге қарап, қуанып отырамыз.

Спорт саласын қолдау мақсатында аудан әкімі әр ауылдық округтерге алаңдар салдырып, үйірме жұмыстарының жандануына және білікті мамандарды тартуға атсалысуда. Соның бір көрінісі Достық ауылында құрылысы жүріп жатқан алып кешен», – дейді аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Алмат Садиев.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ