Әлем чемпионаты-2018: Ресей Сауд Арабиясын ірі есеппен жеңді (видео)

0
2

Футболдан 2018 жылғы әлем біріншілігінің алғашқы ойыны аяқталды. Алаң иелері — Ресей құрамасы Сауд Арабиясынан 5:0 есебімен басым түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Фото: ҚазАқпарат

Екі құрама бұған дейін 1 мәрте кездесу өткізген екен. 1993 жылы өткен жолдастық кездесуде араб жігіттері 4:2 есебімен басым түскен еді. Ал ресми кездесуде екеуі ешқашан кездесіп көрген жоқ.

Айта кетелік, екі құрама да ФИФА рейтингінде орта деңгейде келеді. Атап айтқанда, Ресей 70-орында тұрса, Сауд Арабиясы олардан үш сатыға жоғары тұр. Әлем чемпионатының тарихында мұндай төменгі рейтингте жүрген қос құрама жарыс шымылдығын ашқан жоқ еді.

Бұл кездесуге аргентиналық төреші Нестор Питана қазылық етті.  Ойынның 12 минутында Ресей құрамасының жартылай қорғаушысы Юрий Газинский гол соқты. Ол өзінің әріптесі Александр Головиннің сол қанаттан әуелете берген добын баспен қақпаға бағыттап,  әлем біріншілігінің алғашқы голының авторы атанды.

Бұдан кейін де Ресей құрамасы қарсыластар қақпасы алдында бірнеше қауіпті сәттерді ұйымдастырды. Ойында негізінен алаң иелерінің басымдығы көрініп тұрды. Ойынның 23-минутында ресейлік футболшы Алан Дзагоев жарақат алып, оны әріптесі Денис Черышев алмастырды. Ойынның бірінші кезеңі аса жоғары деңгейде тартысты өткен жоқ. Доп негізінен алаң ортасында көбірек көрінді.

Ойынның 43-минутында Роман Зобниннің пасынан кейін Денис Черышев Сауда Арабиясы қақпасынан саңылау тапты. Есеп 2:0. Келесі екі доп ойынның екінші кезеңінде соғылды. Ресей шабуылшысы Артем Дзюба есепті 3:0-ге жеткізсе, ойынның 91-минутында Денис Черышев тағы бір доп соқты. Ойынның нүктесін 94-минутта Александр Головин қойды.

Қорытынды есеп 5:0. Ресей жеңіске жетті.

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ