Әлем чемпионаты: Сенегал құрамасы Польшадан айласын асырды

0
0

Мәскеу қаласындағы «Спартак» стадионында футболдан әлем біріншілігі финалдық кезеңіндегі Н тобында Польша мен Сенегал құрамалары кездесті. Африкалық құрама қарсыластарын 2:1 есебімен тізе бүктірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Фото: 24tv.ua

Бұдан бұрын «Сенегал тағы да сенсация жасай ма» деген тақырыппен ойымызды білдірген едік. Күткеніміздей, африкалықтар бұл кездесуге тосынсый жасап келгенін аңғартты. Құр босқа келіп-қайту мақсаттары еместігін білдірді. Аталмыш кездесуге Бахрейн елінен келген Наваф Абдулла Шукралла қазылық етті. Төреші ойын басталғанын білдіріп, алғашқы ысқырығын шалған уақыттан Польша Сенегал қақпасы маңына шоғырланды. Өздеріне сенімді кейіпте болды. Стадионда поляк жанкүйерлерінің көптігі аңғарылды. Сенегал футболшылары допқа иелік еткен сәтте олар өздерінің қарсылығын білдіріп, оны түрлі жолдармен білдіріп жатты.

11-минутта Сенегал шабуылшысы Садио Мане қақпаға доп бағыттаған еді. Алайда ол соққысы өте әлсіз шықты. Поляк қақпашысы Войцех Шченсны бұл соққыны оп-оңай ұстап алды.  Арада бір-екі минут өткенде сенегалдық Салиф Сане айып соққысын тепті. Дегенмен, ол қақпадан мүлдем өзге бағытқа ауып кетті. Польша шабуылшысы Камиль Гросицкий 20-минутта гол соғуға ниет жасаған еді. Алайда, тепкен добы қақпадан тым жоғары кетті. Бұдан кейін қос құрама бірнеше мәрте шабуылға шыққан еді. Бұл кездесудегі алғашқы голды сенегалдық футболшылар қақпаға енгізді. Ойын барысы былайша өрбіген еді. Сенегалдық Папа Гуйе кезекті шабуылдың бірінде Войцех Шченсны қақпасына доп бағыттады. Ол жолай Польшаның құрамындағы түбі бразилиялық футболшы Тиагу Чонектің аяғына тиіп, бағытын өзгертті. Бұл сәтте Войцех Шченсны өздерін голдан құтқаруға ешбір мүмкіндігі болған жоқ. Домалаған допқа көзінің қиығымен қараудан басқа шамасы келмеді. Есеп — 1:0.
Сенегал алға шықты.

Осылайша олар 16 жылдан кейін тағы да сенсация жасауға жақындай түсті. Бұдан кейін қос құраманың да есепті өзгертуге ниеті болды. Алғашқы кезең аяқталғанша есеп өзгерген жоқ.

Польша үшін доп додасын жеңіліспен бастау өте тиімсіз. Өйткені, бұл топта Жапония мен Колумбия сынға түседі. Олардың ешқайсысы ұпай үлестіре қоятын құрамалар санатына жатпайды. Ендеше, алғашқы ойыннан қоржынды толықтыру — басты міндет. Поляктар бірнеше қауіпті сәттер ұйымдастырды. Дегенмен олар жағдайын одан сайын қиындатып алды. Сенегалдың екінші голы 61-минутта соғылды. Поляктардың қорғаныстағы қателігін Мбай Ньянг шебер пайдалана білді. Ал 87-минутта поляк жігіті Гжегож Крыховяк есеп айырмасын қысқартты. Ойын 2:1 есебімен Сенегалдың жеңісімен аяқталды. Аталмыш топтағы келесі тур 24 маусымда өтеді. Бұл турда Сенегал мен Жапония, Польша мен Колумбия кездеседі.

Айта кетейік, Әлем біріншілігінде сенсациялар жиі орын алып жатыр. Бұдан бұрын D тобындағы Аргентина Исландиямен, Е тобындағы Бразилия Швейцариямен 1:1 есебімен тең түссе, F тобында Германия Мексикадан 0:1 есебімен жеңілді.

Сондай-ақ бүгін осы топтағы Жапония Колумбиядан 2:1 есебімен басым түсті. 

Бір сағаттан кейін А тобында екінші тур ойындары басталады. Әлем біріншілігінің қожайыны — Ресей құрамасы Египетпен кездеседі. Ойын Астана уақытымен 00.00-де  «Qazaqstan» ұлттық телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Қалған ойындардың толық кестесін мына жерден көруге болады.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ