Өзенге ағып кеткен жүкті әйелге қатысты ТЖК түсінік берді

0
4

ҚР ІІМ ТЖК ресми өкілі Руслан Иманқұлов суға ағып кеткен 32 жастағы келіншекті іздестіру шаралары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Фото: ҚазАқпарат

Қазір сүңгуірлер оқиға болған жерден 15 шақырым қашық жерді тінтіп жатыр. Алайда өзеннің қатты ағысы іздеу шараларына кедергі келтіруде.

«Өзен ағысы бірқалыпты емес, сүңгуірлер үшін де үлкен қауіп туып отыр. Олар инструкцияға қарай жұмыс жасап жатыр. Өзенде сүңгу жұмыстарының өз нормативтері бар. Ағыс күшейген кезде сүңгуірлер ағыс бәсеңдегенше су түбінен шығып күте тұрады. Содан соң қайта жалғастырады. Өйткені бұл олар үшін де қауіпті», — деді Руслан Иманқұлов.

Төтенше жағдай қызметінің өкілі тұрғындардың жауапсыздығы туралы да айтып өтті.

«Осындай жауапсыз әрекеттерге баратын адамдар туралы да баса айтқымыз келеді. Бұл жер кілем жууға арналмаған аймақ. Адамдар тыйым салынған жерге бармауы тиіс», — деді ол. Маман қазіргі таңда каналдың суын бұруға болмайтындығын айтты.

«Суды бөгеуге болмайды. Су бұрылатын болса, басқа жерлерді су басу қаупі туады. Жақын арада тұратын халықтың өміріне қатер туады. Су арнасын жабуды құзырлы органдар, яғни жергілікті әкімдіктер шешім қабылдауы керек», — деді Р.Иманқұлов.

Еске салсақ, 32 жастағы Әсия Мұсаева Үлкен Алматы каналына кілем жууға барғанда аяғы тайып өзенге ағып кеткендігі туралы жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, осыған ұқсас қайғылы оқиға Астанада қаласында да болған еді. 43 жастағы әйел екі қызымен бірге суға кетіп, көз жұмған болатын. Олар Нұра-Есіл арнасының жағасында кілем жуған.

 

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ