14 мыңнан астам түлек ҰБТ-да шекті балды жинай алмаған

0
0

Биыл 14 мыңнан астам түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуден өте алмады. Бұл туралы ОКҚ-де өткен брифингте ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов айтты, деп хабарлайды Baq.kz.

Фото: Inform.kz

Брифингте директор Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысын баяндады.

Оның айтуынша, биыл ҰБТ 167 бекетте өткен. Оның ішінде 3 бекет коллеждің базасында, 116 бекет мектептің базасында және 48 жоғары оқу орнының базасында орналасқан.

«Биыл ҰБТ-ға жалпы 102 мың 447 түлектен өтініш түсті. Яғни 102 447 түлектің 98 698-і немесе 96%-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Оның ішінде ҰБТ-ны 77 мың 224 түлек яғни оқушылардың 75%-і қазақ тілінде, 25 177 түлек, яғни шәкірттердің 25%-і орыс тілінде тапсырды. Нәтижесінде тестілеуден шекті балды алған түлектердің саны – 84 065 немесе 85%. Өкінішке қарай, шекті балды алмағандардың саны – 14 633 немесе 14%. Сондай-ақ, 9 түлектің ҰБТ нәтижесі жоққа шығарылды. Қазақстан бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеуде орташа балл – 83. Былтыр ол 80,5% болған», — деді ол.

Сондай-ақ директор биыл ҰБТ-дағы ең жоғары 140 балды алматылық түлек Шиара Құдайбергенова алғанын айтты. Ол тестіні 25 маусым күні Қазақ ұлттық аграрлық университетінде тапсырыпты. Сонымен қатар брифингте Рамазан Әлімқұлов биыл алғаш рет 28 оқушы ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсырғанын атап өтті.

«Алғаш рет ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсырамын деген 46 өтініш түсті. Бірақ 28 түлек қана ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсырды. Оның ішінде 5 оқушы Астанадан, 7 оқушы Атыраудан, 6 оқушы Шымкенттен және қалғандары басқа қалалардан болды. ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсырғандардың орташа балы – 85», — деді директор.

Сөз соңында ол ҰБТ-ны тапсыра алмаған түлектер тестіні екінші рет қашан тапсыра алатынын хабарлады.

«Олар 25 шілде мен 3 тамыз аралығында ҰБТ-ны екінші рет тапсыруға өтініш бере алады. Емтиханды тапсыра алмағандар 15 тамыз бен 19 тамыз аралығында ҰБТ-ны қайта тапсырады. Егер одан өтпей қалса, онда қыста қайтадан өтініш беріп тапсыра алады», — деп түйіндеді сөзін Рамазан Әлімқұлов.

Айта кетейік, биыл ҰБТ-дағы шекті балл 50-ді құраған болатын.

Ескерту!

Baq.kz сайтында жарияланған авторлық материалдардың барлық құқықтары қорғалған және ақпарат агенттігінің меншігі болып табылады. Көшіріп басу редакцияның рұқсатымен жүзеге асады. Материалды көшіріп басу кезінде Baq.kz сайтына төте сілтеме көрсету талап етіледі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ