16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай Талдықорғанда салтанатты жиын өтті

0
7

Бүгін Талдықорғандағы Б. Римова атындағы драма театрында 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай салтанатты жиын өтті. Жиында облыстың 60-тан астам азаматына мемлекеттік наградалар тапсырылды, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фото: zhetysu.gov.kz

Еліміздің Әнұранымен басталған жиын одан әрі облыс әкімінің құттықтау сөзімен жалғасты.

— Еліміздегі ең қастерлі мереке – Тәуелсіздік күні құтты болсын! Бұл күн – бабалар арманы ақиқатқа айналған, азаттыққа қол жеткен ұлы күн. Ширек ғасыр ішінде Президентіміз бен халқымыздың жасампаз еңбегі арқасында, біздің еліміз – әлемге танылған, қуатты мемлекетке айналды. Биыл бас қаламыз – Астана қаласының 20 жылдық мерейтойын атап өттік. Айтулы шараға орай, Жетісу жұртшылығы бас қалада «Жетісу» саябағын жаңғыртты. Жетісу өңірінде саябақтар, бірқатар өндіріс орындары, ал Талдықорған қаласында Астана даңғылы салтанатты түрде ашылды. Елбасының Жарлығымен Райымбек ауданы бөлініп, Райымбек және Кеген аудандары құрылды. Бұл шекаралық аймақта ораласқан тұрғындардың көптен күткен тілегі еді, сондықтан да жақсы жаңалықты облыс тұрғындары ерекше қуанышпен қарсы алды. Бұл жаңалық шекаралық аймақ экономикасының дамуына жаңа серпін беріп, халықтың болашаққа деген сенімі нығайып, ел туған жерге қайта орала бастады, — деп атап өтті облыс әкімі А. Баталов.

Еліміздің жетістіктерін еселеуде Алматы облысы тұрғындарының үлесі бар екенін айта отырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне қысқаша тоқталды.

— Аталған жұмыстардың бәрі тәуелсіздік алған жылдардағы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясаты мен ел экономикасын әртараптандыру бағытындағы қажырлы еңбегінің нәтижесі деп білемін. Соның нақты айғағы бүгінгі салтанатты жиында Алматы облысының 65 азаматына мемлекеттік награда тапсырылады, — дей келе облыс әкімі А. Баталов марапаттау рәсімін атқарды.

Жалпы саны 65 азамат «Парасат», «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендерімен, «Шапағат», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталды. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева, Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Сәбит Құрманәлиев, «Akniet Group» серіктестігінің техникалық директоры Сақтаған Әбіләзімов, «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ қызметкері Омар Қасымбеков «Алматы облысының Құрметті азаматы» атағына ие болды.

Сонымен қатар мемлекеттік марапат алғандармен қатар сахна төріне «Алтын сапа», «Қазақстанның үздік тауары», «Парыз» және басқа да байқаулардың жүлдегерлері атанған кәсіпорындар жетекшілері шақырылды. Оларға құттықтау тілегін білдірген облыс басшысы А. Баталов:

— Сіздер біздің облыстағы кәсіпорындардың көшбасшысы деп білеміз. Өзгелер сіздерге қарап бой түзейді. Бір ғана жылдың қорытындысында өңірде өндіріс пен бизнесте 11 номинация бойынша жеңімпаздардың шығуы – зор жетістік. Алда үлкен міндеттерді бірлесіп атқара берейік. Жеңістеріңіз құтты болсын! – деді.

Марапат алғандар атынан белгілі журналист Нұртілеу Иманғалиұлы, «Текелі ГМЗ» ЖШС директоры Геннадий Савинов және «Жетісу» телеарнасының бас директоры Бейсен Құранбек сөз сөйлеп, көпшілікті мерекемен құттықтап, тілектерін жеткізді.

Шара соңы мазмұнды концертпен аяқталды.

 

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ