Ақша аударымдарына салық салынбайды

0
3

Премьер-министрдің бірінші орынбасары — Қаржы министрі Әлихан Смайылов халықтың қолма-қол ақшасыз аударымдарына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Фото: voxpopuli.kz

«Ақша аударымдары бойынша комиссия болмағандықтан, пайдаланудың ыңғайлылығына байланысты Kaspi сияқты жедел аударым жүйелерінің тұрғындар арасында және бизнесте танымалдығы артып келеді. Әрине, қолма-қол ақшасыз төлемдердің өсімі көлеңкелі экономиканың төмендеуіне ықпал ететінін түсініп отырмыз. Қаржы министрлігі мұндай аударымдардан ешқандай қосымша төлем немесе салық алуды жоспарлап отырған жоқ. Әсіресе жеке тұлғалардың қолма-қол ақшасыз аударымдарын тексеру – ешқандай жоспарда жоқ», — дейді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, министрлік банктермен бірлесіп, қолма-қол ақшасыз есеп айырысу үшін ыңғайлы және заманға инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын жүргізіп келеді.

«Ал кәсіпкерлік сала ашық болуы керек. Заңға сәйкес кәсіпкерлер фискалды түбіртек беріп, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап онлайн-кассалық машиналарды пайдалануы тиіс. Kaspi-ді кәсіпкерлік мақсатта пайдалану – кәсіпкерлерді осы міндеттемелерден босатпайды. Тұтынушының құқығын қорғау үшін тексерудің маңызды екенін ұғыну керек», — дейді ол.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары қазіргі таңда Қаржы министрлігі жедел қызмет көрсету жүйесін пайдаланып кәсіпкерлердің кірістерін әкімшілендіру мәселесі пысықталып жатқанын хабарлайды.

«Мысалы, бұл онлайн-кассалық машиналар мен POS-терминалдарды автоматты түрде толтыру және салық есептілігін жіберу функционалдылығымен біріктіру арқылы жүргізіледі. Мұндай пилот келесі жылы Kaspi Bank-пен бірге өткізіледі. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қаңтардағы тапсырмасына сәйкес, арнайы салық режімдерін қолданатын микро және шағын бизнес субъектілері, мысалы, патент немесе жеңілдетілген декларация 3 жылға салықтар мен тексерулерден босатылатындығын атап өткім келеді. Осыған байланысты тұрғындар алаңдайтындай ешқандай негіз жоқ», — деп түйді Әлихан Смайылов.

Еске сала кетсек, күні кеше ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев ҚР Қаржы министрлігінің ел тұрғындарының қолма-қол ақшасыз төлемдерін тексеруге қатысты ұсынысына түсінік берген болатын.

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ