Ақтөбеде әкімшілік соттың бас маманы кәсіпкерді алдағаны үшін сотталды

0
3

Ақтөбеда қалалық мамандандырылған әкімшілік соты кеңсесінің бас маманы кәсіпкерді қорқытып, ақша талап еткені үшін 2 жылға сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Фото: Көрнекі сурет

№2 Ақтөбе қалалық сотында Ақтөбе қалалық мамандандырылған әкімшілік соты кеңсесінің бас маманы Ғалымжан Әбжапаровқа қатысты қылмыстық іс қаралды.

Сот материалына сүйенсек, 2018 жылдың сәуір айында Ақтөбе қалалық ІІБ, Елек полиция бөлімінің учаскелік полиция қызметкерлері жеке кәсіпкер З.Құрбановаға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің «Көрінеу жезөкшелікпен айналысу немесе жеңгетайлық үшін үй-жайлар ұсыну» бабы бойынша хаттама толтырып, істі әкімшілік сотқа жолдады. Сот шешімімен кәсіпкерге 360 мың теңгеден астам айыппұл салынып, оны 30 тәулік ішінде төлеу міндеттеледі. Әрі кәсіпкердің сауна қызметі 1 айға тоқтатылады.

Сол кезде сот отырысында хатшы ретінде қатысқан Ғалымжан Әбжапаров жеке бас пайдасын ойлап, кәсіпкермен кездеседі. Кездесуде айыппұлды төлейтін уақытта ұзартып, ішімдік сату лицензиясын сол күйі қалдыру үшін қызметіне 150 мың теңге сұрайды.

Ақтөбе қалалық мамандандырылған әкімшілік соты кеңсесінің бас маманы Ғалымжан Әбжапаровтың бұл талабы заңсыз екенін түсінген жәбірленуші Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Ақтөбе облысы бойынша департаментіне арыз түсірді. Сөйтіп сотталушы Ғалымжан Әбжапаров мың теңге ақша алу кезінде ұсталды.

«Ғалымжан Әбжапаров Қылмыстық кодекстің «Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу», «Алаяқтық» баптары кінәлі деп танылсын, оған  өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс атқаруға құқығынан айыра отырып 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Ғ.Әбжапаровқа қолданылған сотқа келу міндеттемесі өзгертіліп, сот залынан қамауға алынсын. Жазасын өтеу орны болып қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесі белгіленсін», — деді судья Ерлан Бақытжан.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ