Ақындар мен батырлардың елі — Жамбыл ауданы 90 жылдығын атап өтті (видео)

0
990

9 қараша күні Алматы облысы Жамбыл ауданы құрылғанына 90 жыл толу мерейтойын атап өтті деп хабарлайды UZYN.KZ тілшісі. 

© uzyn.kz / Алия Абсеметова

Салтанатты шара Жамбыл Жабаев пен Қарасай батыр сынды тұлғалардың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды.

Іс-шара аудандық Мәдениет үйінде жалғасын тауып, Жамбыл ауданының құрылуы мен қалыптасуына үлес қосқан қайраткерлер туралы деректі фильммен толықтырылды.

Сонымен бірге, шара барысында аудан әкімі Бағдат Әлиев сөз алып, жергілікті аудан тұрғындарын атаулы мерейтомен құттықтады. Ол өз сөзінде аудандағы әлеуметтік және экономикалық жетістіктерге тоқталды.

«Бұл біздің өңірдің тұрғындары үшін, онда тұратын және экономиканың түрлі салаларында еңбек ететін 30-дан астам ұлт өкілдері үшін өте үлкен мерейтой. Олар шын мәнінде туған ауданының тарихымен мақтана алады.

Біз қазіргі жетістікке бірнеше ұрпақтың арқасында, өзі жерде туып-өскен азаматтар мен осында жылдар бойы еңбек етумен болған әртүрлі маман иелерінің арқасында жетіп отырмыз. 

Кіші Отанымыздың тәуелсіздігі мен елдігі үшін күресіп, денсаулығы мен күшін аямастан маңдай терін төккен еңбеккерлер мен осында тұрған барлық ардагерлерге айрықша алғыс айтамыз. Сіздердің ауданның көркейіп, өркендеуіне қосқан үлесіңіз бен ерекше адалдығыңыз патриоттығыңыздың белгісі саналады.

Осы мереке ел есінде қалатындай дәрежеде тойланып, ауданымыздың бұдан да әрі дами түсуіне ықпал етсін.

Сіздерді Жамбыл ауданының 90 жылдық мерейтойымен құттықтаймын, бәріңізге мықты денсаулық, жұмыста табыс, отбасында бақыт пен тыныштық, ашық аспан тілеймін», -деді аудан әкімі.

Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың атынан облыстық мәслихаттың хатшысы Сұлтан Дүйсембинов сөз алды, сондай-ақ, құттықтау сөзін ҚР Парламент сенатының депутаты Динар Нүкетаева сөйледі.

Іс-шарада «Ағала ордам қонған жұрт» деп аталатын кітаптың таныстырылымы болып өтті.

Мерейтойдың ресми бөлігі «Сүйінбай сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің концерттік бағдарламасымен жалғасыпты.

Ұзынағаш ауылының орталық стадионында жергілікті өнер жұлдыздарының мерейтойлық концерті ұйымдастырылып, театрланған қойылым көрсетілді.

Журналист: Алия Абсеметова

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ