Алматы облысында ұрылар малдарды ауыл сыртында сойып әкетіп жатыр

0
4

Алматы облысында ұрылар бір үйдің үш бірдей сиырын қорадан ұрлап, ауылдың сыртында сойып әкеткен. Оқиға Панфилов ауданындағы Керімағаш ауылында болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Керімағаш ауылының тұрғыны Нұрлан Бейсеғұловтың айтуынша, сәуірдің 2-нен 3-не қараған түні қорасында тұрған үш сиырын ұрлап әкеткен.

  «Екі сиырым буаз болған. Әне-міне туады деп отырғанбыз. Ал бір сиырым туып бұзауы жетім қалды. Үш сиырдың басы, терісі, ішіндегі бұзаулары, ішек-қарыны бәрі ауылдың сыртында жатыр. Полициялар келіп түсіріп, іздерді қарап. Іздестіреміз деп кетті», — дейді Нұрлан Бейсеғұлов.

Ал сол ауылдың тұрғыны  Оразақын Омашев та сәуірдің 4-і күні  тайыншамды қорадан ұрлап әкетті дейді. Керімағаш ауылы халқының айтуынша,  ұрылар малдарды ауылдың шетіне шығар-шықпастан сойып әкетуді әдетке айналдырған.

«Керімағаш ауылындағы мал ұрлығына қатысты қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалып, ҚР  ҚК 188-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта осы қылмысқа қатысы бар тұлғаларды анықтауға арналған жедел іздестіру шарасы ұйымдастырылуда» — деді   Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Серік Үпиев.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ