Алматы облысында имамның құрметіне бокс турнирі болып өтті

0
621

Ұлыстың Ұлы күні — Наурыз мерекесі қарсаңында Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылындағы Спорт сарайында дүбірлі дода болып өтті. Ел арасында үлкен құрметке ие, өзіндік жеке дара болмысымен, біліктілігімен, иманымен және өжеттілігімен ерекшеленетін, діни теріс ағым өкілдерімен белсенді түрде күрес жүргізіп келе жатқан Қарғалы ауылдық «Сәт» мешітінің бас имамы, запастағы подполковник, спорт ардагері Ыбытаев Сейітқали-Серік қажы Есімбекұлы 65 жасқа толды. Бұл айтулы мерейтойға орай бас имам ел секілді той жасаған жоқ. Ол бокстан облыстық турнир ұйымдастырып, кезекті рет елге үлгі болар әрекетімен ерекшеленді.

Қарғалы ауылының бас имамы саналатын Сейітқали-Серік қажы Есімбекұлы 65 жасқа толуы өңір жұртын бір қуантып тастады. Себебі, үнемі ел қамын ойлаумен жүретін имам бұл жолы да өзінің дара болмыс иесі екенін көрсетіп, дүбірлі тойын ерекше атап өтті. Ол жасөспірімдер арасында бокстан облыстық турнир өткізіп, сауапты іс жасай білді. Алматы облысында тұратын өңірдегі ең дарынды әрі қабілетті деген балалар Ұзынағаш ауылына жиналып бақ сынасты.

Сейітқали-Серік қажының айтуынша, бас имамның мерейтойына орай өткізілген спорттық шара өткізуді алғаш болып бокстан жоғарғы санаттағы халықаралық судья, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, құрметті спорт ардагері Усеинов Сададиннің ұсынған екен. Ал бұл идеяны әкімдік қолдап, барлық қажетті шығынды көтеріп алған.

«Сададин маған жаңа жылға қарсы келді. Серік, аға сіз өңірге танымал, құрметті адамсыз. Офицерсіз. Оны барлығы біледі. Сол себептен сіздің мерейтойыңызға орай облыстық спорт турнирін өткізсек қалай қарайсыз. Оның ұсынысын аудан әкімі Бағдат Байшалұлы Әлиев те қуана қолдап, әкімдік тарапынан үлкен қолдау көрсетілді», – дейді имам.

Наурыздың 21-і мен 24 – і аралығында өткен турнирге Алматы, Талдықорған, Қапшағай қалаларынан және Кербұлақ Қарасай, Балқаш, Іле мен Жамбыл аудандарынан 15 командаға біріккен 210 боксшы келіп қатысты. Дода 21 наурызда басталып, үш күн бойы спортшылар 21 салмақ түрі бойынша жарысқа түсті.  Турнир барысында бірнеше үздік жеңімпаз анықталып, 24 наурызда жарыстың қорытындысы жарияланды.

Облыс үшін маңызы зор саналатын іс-шараға елімізге еңбегі сіңген қайраткерлер, спорт және мәдениет саласында жемісті еңбек етіп жүрген құрметті азаматтар төрелік еткенін атап айту керек. Олардың қатарында СССР МҚК (КГБ) генерал-лейтенанты, бокстан КСРО спорт шебері, әскери құрылымдар қызметкерлері арасында өткен күрес жекпе-жектерінен Совет үкіметінің чемпионы атанған Иванов Иван Иванович, генерал-майор, «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ творчестволық бірлестігінің президенті, «Құрмет» орденінің иегері, академик, жазушы Нұрманов Әбен Алдабергенұлы, Алматы облыстық Қарасай батыр мешітінің бас имамы Қуаныш Бақытбекұлы,  профессор Иманова Гулия Дордиевна, Әзірбайжан ұлттық қоғамының вице-президенті Кенжина Насиха Гумаровна, «Игілік» журналының бас редакторы Меруерт Әбдірайымқызы Әйтенова, «Мерейлі отбасы-2018», Алматы облысы бойынша жүлдегерлері Карибаевтар отбасы сынды тағы басқа елге еңбегі сіңген азаматтар болды.

Мерейтойдың құрметіне орай ұйымдастырылған турнир де аса тартысты әрі әділ түрде өтті. Жас спортшылар турнирде үздік атанып, жеңіске жету үшін бар ынтасын салып, бақ сынай түсті. Нәтижесінде Нұрзақ Алихан, Мавлен Нуржан, Канатұлы Ельмар сынды спортшылар ел алдында үздік өнер көрсетуінің арқасында төрешілердің шешімімен жұрт ықыласына бөленді. Оларға арнайы дипломдар мен мақтау қағаздары табысталды.

Спортшылар арасында өзін үздік боксшы ретінде көрсете білгендер мен алаңда қолданған айрықша техникасымен көзге түскен боксшылар да грамоталармен марапатталды. Бұдан бөлек, жеңіске жету жолында ерекше жігер танытқандар да назардан тыс қалмағанын атап өту керек.

Турнир барысында түрлі салмақ категориялары бойынша Байдаулет Алмат, Ақбай Арнұр, Исаұлы Құштар, Ярмұхамедов Зульфат, Әбсәлім Аслан, Сапарбек Мирас, Құралбаев Талғат, Ержанұлы Әлфара, Дүйсеке Мейірлан, Абиласан Жәнібек, Асқар Бекбол, Парахат Алихан, Санатұлы Азамат, Серикхан Ерсұлтан, Серікқұл Мирас, Қарабалаев Рахат, Қазақбайұлы Нұрсұлтан, Мақсатұлы Хамит, Қыдырәлі Әли, Қуатбек Бағжан, Мамырқұл Ерасыл, Қабдалдинов Алдияр сынды боксшылар бірінші орынды иеленді.

Сонымен бірге, айта кету керек, шара барысында спорт ардагері Ыбытаев Сейітқали-Серік қажыны мерейтойымен арнайы құттықтай келген Жамбыл ауданының әкімі, генералдар мен құрметті тұлғалар сөз сөйлеп, бас имамның елге сіңірген ерен еңбегіне баса назар аударды. Шара соңында оған «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық Қазақ Творчестволық бірлестігі «Тәуелсіздікке қосқан үлесі үшін» арнайы медаль табыстады.

Айта кету керек, Ыбытаев Сейітқали-Серік қажы 1954 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылында дүниеге келген. Ол өмір бойы әскери қауіпсіздік саласында еңбек етіп, ел үшін жан аямай тер төккен жандардың қатарынан. Мәселен, Сирия, Ауғаныстан, Иран, Түркия секілді елдерде түрлі әскери операцияларды орындауға қатысқан ол еңбек жолында лейтенанттан подполковник шеніне дейін көтерілген. Қазіргі таңда дін саласында білімін жетілдірген әскери қызметкер ауылдық мешітте бас имам қызметін атқаруда. Ол теріс діни ағым өкілдерімен күресіп қана қоймай, олардың дұрыс жолға түсуіне мұрындық болуда.

Еске салсақ, Жамбыл ауданындағы «Сәт» мешітінің имамы Ыбытаев Сейітқали-Серік қажы сәләфизм ағымына түсіп, ауыл мешітінде өз уағыздарын айта бастаған сәләфиттерді «орнына» қойған имам ретінде танымал. Ол сөзіне құлақ аспай, ескертуіне мән бермеген сәләфиттерге әскери тәсілді қолданып, «ұйықтатып» тастағанын білеміз. 65 жасқа келсе де, бірнеше жігітке жалғыз өзі төтеп берген қария өзін 25-тегі жігіттей сезінетінін де жасырмайды.

Журналист: Әлия Әбсеметова,
суреттер автордікі