Алматы облысында неге ірі қара еті экспортқа шығарылмай отыр

0
5

Алматы облысында өнеркәсіп өндірісінің өсімі 3,7%-ды құрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Фото: ҚазАқпарат

Облыс әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен биылғы жылдың І жартысындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына арналған мәжіліс өтті.

Облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқовтың айтуынша, бірінші жартыжылдықта экономиканың барлық салаларында өсім қарқыны сақталып, 5,3%-ды құраған. Есепті кезеңде өнеркәсіп өндірісінің өсімі 3,7 % болса, соның ішінде өңдеу саласының ұлғаю көрсеткіші 6 % құрап отыр. Жаңадан іске қосылған 23 және кеңейтілген 10 кәсіпорынның есебінен 760 жаңа жұмыс орны ашылды.

Жеңіс Тұяқов негізінен қай бағыттардың ақсап жатқанын қадап тұрып айтты. Осы кезеңде Ақсу, Қаратал, Ұйғыр аудандары өндіріс көлемін құлдыратып жіберген. Сол сияқты, ірі қара еті бірінші жартыжылдықта мүлде экспортқа шығарылмаған. Жоспарланған 15 мал бордақылау алаңының 8-і ғана іске қосылған.

Бұл орайда Қаратал, Ақсу, Ескелді және Панфилов аудандары көрсеткішті кері тартып отыр. Сүт-тауарлы фермалар құру ісінде де жұмысты ширату қажет.

Облыста әзірге ет өңдеу — 38%, сүт өңдеу — 32%, ал жеміс-жидек өңдеу небары — 11% көлемінде. Яғни өңдеу саласының алдында тұрған міндет орасан зор.

«Ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру баяу жүріп жатыр. Әзірге кооперативке тартамыз деп жоспарланған 10,8 мың жеке шаруа қожалығының 362-сін ғана тартып үлгердік. Жыл басынан бері Балқаш, Алакөл, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Ұйғыр аудандары бір де бір кооператив құрмаған», — деді облыс әкімінің орынбасары.

«Алғашқы алты айдың қорытындысы бойынша барлық көрсеткіштерде жалпы өсім бар, даму қарқыны сақталып отыр. Бірақ кейбір сылбыр әкімдердің жақсы жұмыс істейтін басқа аудан әкімдері есебінен тып-тыныш демалып жүруіне жол бермеймін. Сол үшін де осы әкімдік отырысында мен орынбасарым Жеңіс Тұяқовқа әр саланың бүге-шігесіне дейін талдау жасап, терең сараптама жаса деп тапсырдым. Облыстың ортақ көрсеткіші негізінен аудан, қала әкімдерінің жұмысына байланысты. Сондықтан осындай терең талдауды әр аудан, қала өздерінде дайындап, жұмыстың қай бағытта, қалай жүріп жатқанына жақсылап үңіліңдер», — деді А. Баталов.

 

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ