Алматы облысында түйе ұрлады деген күдікпен қожалық басшысы ұсталды

0
0

Алматы облысында түйені ұрлады деген күдікпен қожалық басшысы ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Фото: ognialatau.kz

Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Іле ауданының полицейлеріне Междуреченск ауылының 70 жастағы тұрғыны арызданған. Ол 2019 жылы Жамбыл облысының Қордай ауданында ат жарысынан жеңіп алған, құны 1 млн теңгеден асатын түйесінің жайылымнан ұрланғанын жеткізген.

Сонымен қатар, түйенің иесі ұрылардың малды қасаптаған орнын көрсеткен. Аталған дерек ҚР ҚК-нің 188-1-бабы 1-бөлігі бойынша тіркелді. Оқиға орнына шыққан жедел топ шаруа қожалықтарының бірінде сойылған және бөлінген түйенің етін тапты.

Полиция қызметкерлері Междуреченск ауылдық округінің аумағында орналасқан шаруа қожалығының басшысы, Екпінді ауылының 38 жастағы тұрғынын ұстады. Ол ұрлық жасағанын мойындаған.

Айтуынша, өз шаруашылығының жанынан алдыңғы аяғы тұсалған қараусыз жайылған түйені көрген. Ұрлау мақсатында оны ауласына айдап әкеліп, бауыздауға әмір берген. Ал өзінің туыстарына түйені қарызының өтемі ретінде бергенін жеткізген. Бауыздалған малдың етін күдікті туыстарына таратпақ болған. Алайда оған түйенің иесі мен полиция кедергі жасады. Күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу және дұрыс жүріс-тұрыс туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Сотқа дейінгі тергеу аяқталғаннан кейін, ұрланған малмен «қайырымдылық» жасамақ болған күдікті ҚР ҚК-нің 188-1 бабы 1 бөлігі («Мал ұрлығы, яғни бөтеннің малын жасырын ұрлау») бойынша сот алдында жауап береді. Оған қатысты 3 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұл немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не мүлкін тәркілеумен 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қолданылуы мүмкін.

Сонымен қатар, ол бір миллион теңге көлеміндегі келтірілген материалдық шығынды толық өтеуге міндетті.

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ