Алматы облысында тоғаннан 2 тонна өлі балық табылды

0
0

Алматы облысында суы ластанған «Первомай тоғанынан» 2 тонна өлі балық табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Фото: ҚазАқпарат

«2019 жылдың 7 сәуірінде Іле ауданы Ащыбұлақ ауылдық округінің Түймебаев ауылының жанында орналасқан «Первомай тоғаны» алқабында коллектор жарылды. Осының салдарынан сарқынды су тоғанға құйылды. Апат орнынан 2 тонна өлі балық табылды», — деп хабарлады министрліктен.

Аталған оқиға бойынша ҚР ЭМ Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Алматы облысы бойынша Экология департаменті «Алматы Су» мекемесінің қызметіне тексеруді бастады.  

«Экология департаментінің зертханалық-аналитикалық бақылау бөлімі салыстырмалы зерттеулер жүргізу үшін су сынамаларын алды. Сондай-ақ «Алматы Су» ШЖҚ МКК мамандары лабораториялық зерттеулер мен санитарлық-химиялық талдаулар жүргізу үшін су сынамалары мен балық сынамасын алды. Алдын ала мәлімет бойынша, құбырдың жарылуы жауын-шашынның көп болуы және кәріз коллекторларының бірінің тозуы салдарынан болған. Сарқынды сулар құйылған кезде айдында шамамен 200 мың текше метр су болған. Тоғанға түскен сарқынды судың көлемі болжаммен 13 мың текше метрді құрайды», — деп хабарланды ведомстводан.

Зиянды заттардың концентрациясын төмендету үшін тоғаннан көлемі 4 мың текше метр суды коллекторға кері айдау жүргізілді. Сонымен қатар су деңгейі төмендетіліп, тоған таза сумен толтырылған.

«Бұл іс-шаралар судағы аммиактың құрамын 3 есеге төмендетуге мүмкіндік берді. Ластанған тоғаннан басқа су қоймаларына су түсу қаупінің алдын алды. Суды тазарту жұмыстары жалғастырылатын болады. Қазіргі уақытта ұзындығы 210 метр жеке тоған бойынан өтетін тозған құбырларды ауыстыру мәселесі шешілуде. Қоршаған ортаға келтірілген залал жоспардан тыс тексеру аяқталғаннан кейін анықталатын болады», — делінген баспасөз хабарламасында.  




ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ