Алматы облысында жаяу жүргіншіні көлігімен қағып, оқиға орнынынан қашып кеткен күдікті ұсталды

0
0

Алматы облысы Райымбек ауданының Жалаңаш ауылы маңында жаяу жүргіншіні көлігімен қағып, оқиға орнынынан қашып кеткен күдікті ұсталды. Қазір Алматы қаласының 52 жастағы тұрғынының үстінен Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша іс қозғалып, тергеліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Көрнекі фото: Minval.az

Облыстық полиция қызметі аталған фактіні растады.

«Райымбек ауданының полицейлері облыстағы іздеу бөліміндегі әріптестерімен бірігіп, күдікті «Nissan Patrol» маркалы көлік мінгенін анықтап, оны Қапшағай қаласынан тапты. Көліктің жүргізушісі Алматы қаласының 52 жастағы тұрғыны болып шықты. Күдікті ұсталды. Қазір аталған факті бойынша сот-алды тергеу басталып, қажетті сот-медициналық сараптамалар тағайындалды», — деп мәлім етті облыстық ІІД баспасөз қызметі.

Облыстық полиция қызметі күдіктінің үстінен ҚР ҚК 345-бабымен қоса, Қылмыстық кодекстің 347-бабы, яғни «Жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетіп қалу» бабы бойынша да іс қозғалғанын жеткізді.

Адам өлімімен аяқталған оқиға Алматы облыстық Ішкі Істер департаментінің Анықтау басқармасының қатаң бақылауында екенін атап өтті ведомство өкілдері.

Айта кету керек, 12 тамыз күні Райымбек ауданының Жалаңаш ауылының маңындағы автожолда жол-көлік оқиғасынан мерт болған 49 жастағы жаяу жүргінші, яғни жергілікті тұрғынның денесі табылды.

Көлік жүргізушісі оқиға орнынан қашып кеткен.

 

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ