Алматы облысының үздік ауыл шаруашылығы мамандары марапатталды

0
3

Бүгін Тәуелсіздік күні қарсаңында ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай сала мамандары марапатталды. Оларды кәсіби мерекесімен облыс әкімі Амандық Баталов құттықтап, сыйақы мен сыйлықтар тапсырды. Атап айтсақ, «Үздік ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші мен өңдеуші» номинациясының жеңімпазы ретінде Балқаш ауданындағы «Жақсылық» шаруа қожалығына МТЗ-82 тракторының кілті тапсырылды, деп хабарлайды UZYN. KZ.

Фото: zhetysu.gov.kz/

Талдықорғандағы І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайының холында облыстағы ауыл шаруашылығы саласының жетістіктерін айғақтайтын көрме қойылды. Мұнда апорт алмасы, 15 келі болатын алып асқабақ, түрлі сүт, ет өнімдері, нан тағамдары және басқа да азық-түліктің түр-түрі көрсетілді. Көрмеде облыстың аудан, қалаларының жетістіктері, ауыл шаруашылығы кәсіпорындары толық қамтылды. Соның ішінде облыс әкімі жуық болашаққа жоспарланған жаңа жобаларға ерекше назар аударды. Мәселен, келесі жылы Райымбек ауданында көлемі 380 га болатын жерге қара қарақат егіледі, жобаның құны – 2 млрд. теңге. Қапшағай қаласында 800 басқа арналған 3 сүт-тауарлы ферма ашылмақ, ал Сарқан ауданында жақын жылдарда 5 мың басқа арналған 3 мал бордақылау алаңы мен 2 мың басқа арналған 8 СТФ іске қосылатын болады. Облыс басшысы Амандық Баталов әрбір аудан, қала әкімдеріне ауыл шаруашылығын дамытуға, АӨК-ға инвестиция тартуға, жаңа кәсіпорындар ашуға, тұрақты жұмыс орындарын құруға баса назар аударуды тапсырды. Жалпы Алматы облысының шаруалары кәсіби мерекеге үлкен жетістіктермен жетіп отыр.

Салтанатты жиында құттықтау лебізін білдірген облыс әкімі Амандық Баталов өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы айтты.

Мәселен, А. Баталовтың айтуынша, осы 10 айдың ішінде облыста 591 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Азық-түлік өндірісінде 423 млрд. теңгенің өнімі шығарылған. Оның 57 млн. АҚШ доллары болатын өнімі экспортқа жіберілді, бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 1,8 есеге көп. Сол сияқты өңір басшысы қант қызылшасынан рекордтық өнім жиналғанын да тілге тиек етті. Биылғы жылы 440 мың тонна қызылша жиналған, оның әр гектарынан орташа түсім – 400 центнерден. Сонымен қатар картоп өсіруді дамыту, ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру, заманауи ауыл шаруашылығы техникаларымен қамтамасыз ету қолға алынғанын айтты.

— Тек соңғы үш жылдың өзінде озық технологиялар сатып алуға жергілікті бюджеттен 5,6 млрд. теңге бөлініп, 529 бірлік техника сатып алынды. Қазір облыста 39 СДО жұмыс істеп, оларда 942 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы қызмет көрсетеді. Келесі жылы тағы 5 сервистік дайындау орталығын ашуды жоспарлап отырмыз, — деді А. Баталов.

Өз сөзінде облыс басшысы мал шаруашылығындағы жетістіктерді де атап өтті. Мәселен, 10 айдағы көрсеткіш 4,4 % өскен. Облыста бүгінгі күні 92 бордақылау алаңы мен 68 сүт-тауарлы ферма жұмыс істейді. Сонымен қоса тағы 4300 басқа арналған 7 мал бордақылау алаңы, 1950 сауын сиырға лайықталған 4 сүт-тауарлы ферманың құрылысы жүріп жатыр. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 3 мың бас ірі қара, 14,1 мың бас ұсақ мал сатып алынған.

— Облыстың агроөнеркәсіп саласына 57,2 млрд. теңге инвестиция тартылған. 30 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, мыңға жуық жаңа жұмыс орындары құрылды, — деп атап өтті А. Баталов. Сөзін қорытындылаған облыс басшысы 2013 жылы облыста 377 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілсе, биылғы жылы оның көлемі 700 млрд. теңгеден асқанын жеткізді.

— Осы жетістіктердің барлығы да — бірлескен жұмыстың нәтижесі. Сіздер, наубайшылар, механизаторлар, малшылар, шаруашылықтардың жетекшілері мен жұмысшылары, азық-түлік пен өндіріс саласында жұмыс істейтін мамандар, өздеріңіздің тынымсыз еңбектеріңізбен мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, халықтың, әрбір отбасының өмір сапасын арттыруға зор үлес қосып келесіздер. Сіздердің еңбектеріңізге табыс тілеймін! Алда мақсат-міндеттер көп. «Қимылдаған қыр асады», — дегендей, ниет пен береке барда алынбайтын қамал жоқ! Бұдан былай да бірлесіп Жетісудың игілігіне жұмыс істеп, Отанымыздың гүлденуіне асталыса береді деп ойлаймын, — деді өз сөзінде А. Баталов.

Бұдан әрі салтанатты жиын марапаттау рәсімімен жалғасты. Қарасай ауданындағы «Алматы өнімдері» ЖШС «Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуші үздік кәсіпорын» атанып, 1 орынның арнайы дипломына және 300 мың теңгенің ақшалай сертификатына ие болды. Осы аталымның 2 орын иегері Көксу ауданындағы «Арқабаев» ЖК 200 мың теңге, 3 орын берілген «Майтөбе-ет» АӨК 100 мың теңгенің сертификатын алды.

«Үздік ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші мен өңдеуші» аталымының жеңімпаздығына Балқаш ауданынан «Жақсылық» шаруа қожалығы лайық деп танылды. Оған МТЗ-82 тракторының кілті табысталды. Екінші орынға ақсулық «Әлихан» ШҚ, 3 орынға ескелділік «Сариев» ШҚ шықты. Оларға тиісінше 500 және 400 мың теңге берілді.

«Заңды тұлғалар» номинациясының жеңімпазы ретінде Еңбекшіқазақ ауданынан «Адал» агроөнеркәсіптік компаниясы» АҚ танылып, оған МТЗ-82 тракторы берілді. Осы аталымда «Алматы» АӨК мен «Алель Агро» ЖШС-ның да аттары аталып, оларға да сәйкесінше 600 және 500 мың теңгенің сертификаттары т/апсырылды.

Облыстың аудан, қалаларында тұрақты өткізілетін «Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі» конкурсының да нәтижелері шығарылды. Бұл байқауда Талғар ауданының аты озып, бірінші дәрежелі диплом және 400 мың теңгенің сертификаты берілді. Сол сияқты Райымбек ауданының Қақпақ ауылдық округі де дәл осындай сияпатқа ие болды. Осы қатарда Еңбекшіқазақ ауданының, Кербұлақ ауданының Басши ауылдық округінің, Іле ауданының, Панфилов ауданының Шолақай ауылдық округінің де жұмыстары үздіктер қатарынан табылды. Сол сияқты Ұйғыр ауданы, Балқаш ауданының Бірлік ауылдық округі, Қаратал ауданының Жолбарыс ауылдық округі де ынталандыру сыйлықтары мен облыс әкімінің Алғыс хаттарына ие болды.

Жоғары кәсіби біліктілігі және облыстың ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар азаматтар «Ауыл шаруашылығының үздігі» төсбелгісімен, «Еңбек ардагері» медалімен, сол сияқты ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен, облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Ауыл шаруашылығы мамандарының атынан еңбек ардагері Мұрат Халық, «Жақсылық» ШҚ жетекшісі, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров, «Адал» агроөнеркәсіптік компаниясы» АҚ жетекшісі Серік Смайылов әріптестерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, Мемлекет басшысының атына еңбек адамына деген шынайы қамқорлығы үшін және облыс басшылығына аграрлық салаға тұрақты қолдау көрсеткені үшін ризашылықтарын жеткізді. Сонымен қатар салтанатты шарада ҚР бұрынғы Премьер-Министрі, еңбек ардагері, Алматы облысы әкімінің кеңесшісі Сергей Терещенконың құттықтау телеграммасы да оқылды.

Жиын соңында мерекелік концерт ұсынылды.

 

 

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ