Алматы облысының әкімі журналистер сұрақтарына жауап берді

0
4

Астана қаласында Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Орталық коммуникациялар орталығы алаңында Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен салалық бағдарламалардың орындалуына арналған брифинг өтті, деп хабарлайды UZYN. KZ Алматы облысы әкімінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Фото: zhetysu.gov.kz

Брифингіде Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауындағы міндеттерге екпін түсіре отырып баяндама жасады.

Спикер өз баяндамасында Президент Жолдауының, 5 әлеуметтік бастамасының, облысқа келген сарапында берген тапсырмаларының, сол сияқты «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «Бизнестің жол картасы», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту», «Рухани жаңғыру» бағдарламаларының орындалу барысы жайында айтты. Облыс әкімі баяндамасын өңірдің 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне сүйене отырып жеткізді.

Баяндамадан кейін Амандық Баталов журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Брифингіде өзекті мәселелерді қозғаған барлығы 10 сауал қойылды. Мәселен, БАҚ өкілдерін Алматы облысы қант қызылшасы өндірісін бұдан әрі қалай дамытатыны, алқап көлемін өсіру жоспары қызықтырды.

Облыс әкімі атап өткендей, қант қызылшасы — өңірдегі басымдық берілген дақылдың бірі. Оның алқабын келесі жылы 13,2 га, ал 2022 жылға қарай 16 гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Алдағы уақытта инвесторлар көмегімен Алакөл, Қарабұлақ қант зауыттарын іске қосу ойда бар.

Журналистер Талғар қаласындағы «Мелиоратор» және «Бозторғай» шағын аудандары тұрғындарының өткен қыстан қысылып шыққан жағдайын еске салып, сол бойынша атқарылған шаралар жайын сұрауды да назардан тыс қалдырған жоқ. Облыс әкімі бұл мәселенің шешімін тапқанын айтты. Бүгінгі күні «Бозторғай» және «Мелиоратор» шағын аудандарында 6 блоктық-модульдік қазандық орнатылған, бұл 23 көп қабатты тұрғын үйдің 538 пәтерін жылумен қамтамасыз етіп отыр.

«Бұдан әрі біз Талғарда ғана емес, басқа аудандардың орталықтарындағы дәл осындай күйдегі көпқабатты тұрғын үйлерді де жылуға қосу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. 2019 жылы 16 қазандықтың жобалық-сметалық құжаттары дайындалады, соның 15-і – Талғар ауданында, 1-еуі — Қарасай ауданында, оларға 120,3 млн. теңге бөлінген. Жылумен 51 үй қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар тұрғын үйлердің аулаларын көркейту жұмыстары да қатар жүргізіледі», — деді А. Баталов.

Брифинг барысында халықты сапалы ауыз сумен қамту, ирригациялық жүйелерді жөндеу мәселелері де сөз болды. Бұлар — әлеуметтік желілер арқылы жолданған сауалдар. Облыс әкімінің жауабына сүйенсек, өңірде орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамту көрсеткішісі 86 % құрап отыр. Бұл — республикадағы ең жоғарғы көрсеткіштердің бірі, дегенмен сапалы ауыз сумен қамту жұмыстары әлі де жалғаса береді, бұл көрсеткішті 100 %-ке жеткізу көзделіп отыр. Ирригациялық жүйелер мен суармалы жерлерді айналымға енгізу жұмыстары жайлы да облыс әкімі кеңінен баяндап берді.

Брифингке қатысушылар өңірдің спортты қолдау, өңірді газдандыру, көмір бағасын арзандату шаралары жайлы да сұрады.

Журналистер сұрақтарына жауап берген облыс әкімі Амандық Баталов шекаралық өңірлердің, соның ішінде Панфилов ауданының дамуы, медицина мамандарының жетіспеушілігі мәселесін шешу, жас мамандарды тарту, «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған жұмыстар жайлы да айтты.

Атап өтерлігі, облыс әкімі қатысқан брифинг «Хабар 24» республикалық телеарнасында және Орталық коммуникациялар қызметінің «Facebook» әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында онлайн-режимде көрсетілді.

 

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ