Алматы облысының 2019-2021 жылдардағы бюджеті туралы мәселе қаралды

0
5

Бүгін облыс әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен облыстық мәслихаттың кезекті XXXVIII сессиясы өтті. Онда Алматы облысының 2019-2021 жылдарға арналған облыстық бюджеті туралы мәселе қаралды, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің ресми сайтына сілтеме жасап UZYN. KZ.

Фото: zhetysu.gov.kz/

Сессияда баяндама жасаған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов 2019 жылғы бюджеттің 449,7 млрд. теңге болып бекітілгенін айтты. Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, 2019-2021 жылдарда әлеуметтік салаға 682 млрд. теңге қарастырылып отыр, ол — бюджеттің 54,4 % деген сөз. 2019 жылы 5 227 мүгедекті шипажай-курорттық емдеуге – 455 млн.теңге бөлінген, бұл көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда 2,4 есе өсті. Бюджеттік мекемелер қызметкерлерінің 7-20-25″ бағдарламасы бойынша бастапқы жарнасының бөлігін субсидиялауға 1 млрд.теңге қарастырылады.

Тұрғын үй-коммуналдық салада елді мекендерді газдандыруға, ауыз сумен, жылумен қамтамасыз етуге де қолдау көрсетіледі. Мәселен, коммуналдық қызмет үшін арнайы техника сатып алуға бөлінетін қаражат 1,1 млрд. теңгені құрайды.

Сонымен қатар Даму бюджеті бойынша «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ жарғылық капиталын ұлғайтуға 3,6 млрд. теңге қарастырылды. Бұл сома Ескелді ауданындағы қант зауытын қайта іске қосуға және Көксу ауданының зауытын жаңғыртуға және қант пен картоп бағыттарында сервистік дайындау орталықтарын құруға бағытталады.

Цифрландыру бағдарламасына орай бірқатар шаралар белгіленіп отыр. Солардың қатарында білім беру ұйымдарын бейне бақылау жүйелерімен қамтамасыз ету, 156 мектепке WI-FI роутер арқылы кең жолақты интернет желісін орнату, пән кабинеттерін компьютерлік техникалармен және мектептерді жаңа модификациялық кабинеттермен жабдықтау, мектептерде құрылатын IT – сыныптарын жабдықтау жұмыстары да бар.

Сонымен қатар бюджет шығыстарында құрылыс, бизнесті дамыту, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және басқа да маңызды салалардың барлығы қамтылды.

Жиында қорытынды сөз сөйлеген облыс әкімі Амандық Баталов:

— Күні кеше Астанада журналистер үшін өткізілген брифингіге қатыстым. Журналистер облыста атқарылған жұмыстардың ауқымды екенін айтып, сауалдарын қойып, пікірлерін білдірді. Сол атқарылған жұмыстар – бәріміздің бірлескен еңбегіміздің жемісі. Алдағы жылға да алдымызда үлкен міндеттер тұр. Елбасы үш ауысымды мектептерді болдырмау туралы тапсырма берді. Сол бағытта жоспарлы түрде жұмыс істейміз. Президенттің «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасын нәтижелі орындауымыз керек. Келесі жылдан Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарына қарай газ тарта бастауға тиіспіз, — дей келе облыс әкімі бюджетті қарау барысында үнемі қолдау көрсетіп келе жатқан мәслихат депутаттарына алғысын білдірді.

Сессияның күн тәртібінде басқа да мәселелер қаралды.

Осы сессия барысында облыстық мәслихаттың депутаты Жақсылық Үшкемпіровтің «Біздің депутат» газетінің жылдық рейтингісі бойынша «Үздік депутат» атанғаны белгілі болды. Депутатқа арнайы төсбелгіні облыстық мәслихат хатшысы Сұлтан Дүйсембінов тапсырды.

 

 

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ