Алматы облысының Алматы қаласымен шекарасына 17 блокбекет қойылды

0
4

Алматы облысында қойылған блокбекеттерде бір уақытта шамамен 100 тәртіп сақшысы қызмет атқарады. Ең көп блокбекет Қарасай ауданында, нақты айтқанда 8 орынға қойылды. Іле ауданында — 6, Талғар ауданында 3 жерде бақылау-өткізу бекеті ұйымдастырылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, еліміздің аумағында төтенше жағдай жарияланды. Осыған орай, ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен полицияның жеке құрамы қызмет атқарудың күшейтілген тәртібіне көшірілді.

Полицияның басты міндеті – қоғамдық тәртіпті қорғау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Қазіргі уақытта департамент тарапынан коронавирус індетінің алдын алу және оның таралуына жол бермеу мақсатында тиісті шаралар қабылдануда.

Өткен тәулік ішінде блокбекеттер жұмысына жұмылдырылған қызметкерлер 3 266 көлікті тексерді. 19 наурыздан, яғни карантин енгізілгелі бері (Алматы қаласында – ред.) 23 000 көлік тексеруден өтті», — деді Алматы облысы Полиция департаментінің бастығы Серік Күдебаев.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ