Алматы облысының Панфилов ауданында 40 отбасы баспаналы болды

0
13

Алматы облысында Отан қорғаушылар мен Жеңіс күні мерекесіне орай көпбалалы отбасылар мен жағдайы нашар жанұялар қоныс тойын тойлады. Бүгін Жаркент қаласында 40 арендалық тұрғын үй пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Фото: ҚазАқпарат

Панфилов ауданының әкімі Темірлан Бектасов көпбалалы отбасыларға пәтер кілтін арнайы табыстады. Қоныс тойын тойлап жатқан отбасыларды құттықтаған аудан әкімі биылғы жылы тағы 5 қабатты 240 пәтер салынатынын жеткізді.

Сондай-ақ, жыл соңына дейін жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен тағы көпбалалы он отбасыға үй салып беруді жоспарлап отырғандықтарын айтты.   

  3 бөлмелі пәтердің кілтін алған 7 баланың анасы Жұпар Үмбетова көп жылдар бойы пәтер жалдап қиналғанын жеткізді. Рамазан айының қарсаңында баспаналы болған  ана аудан, облыс әкімдігіне алғысын білдірді.

Бүгін қоныс тойын тойлағандардың қатарында Татьяна Камуровада бар. 7 баланы жалғыз  асырап, баспанасыз жүрген ана 6 жылдан бері осы күнді күткенін айтып, қуаныштан көзіне жас алды. Бір стандартта салынған 70 шаршы метр 40 үйдің құрылыс жұмысы 2017 жылы басталған. Мұнда жеке қоражай, арнайы қоймасы мен бірге әр үйдің сырты жеке-жеке қоршалған.

Айта кету керек, жыл басынан бері кәсіпкерлердің қолдауымен Панфилов ауданында 11 отбасы баспаналы болды. Жалпы үй кезегінде 2648 жанұя болса, соның ішінде 268-і көпбалалы отбасылар.



ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ