Алматылықтар Денис Тен жараланған жерге гүл шоқтарын тоқтаусыз апаруда

0
1

Алматы жұртшылығы белгілі спортшы Денис Тен жараланған жерге гүл шоқтарын тоқтаусыз апаруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Фото: ҚазАқпарат

Айта кетейік, адамдар қайғылы оқиға болған жерге гүлдерді спортшының қазасы туралы естігеннен кейін әкеле бастаған еді. Олардың қарасы түнде де үзілген жоқ.

Алматылықтар гүл шоқтарымен қоса, шырақ жағып жатыр. Сонымен қатар, тұрғындар Республика сарайының алдын гүлмен көмкеруде.

Қайғыға ортақтасқан Астана тұрғындары да кеше, 19 шілде күні Арбатқа гүлдер әкеле бастағанын бұған дейін хабарлаған болатынбыз.

Олимпиада жүлдегерін еске алу мақсатында 20-23 шілде аралығында Астанада қаласындағы «Korean Azia» дәмханасында үш күн бойы ас беріледі. Келемін деушілерге сағат 14.00-15.00-де Сатбаев көшесі №5 үйдің есігі ашық.

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 19 шілде күні пышақ жарақатынан қаза болған еді. Оқиға Құрманғазы Байсейітова көшелерінің қиылысында 19 шілдеде түскі сағат 15:00 шамасында болған. Спортшы көлігінің айнасын ұрламақ болған екі адамның үстінен түскен. Арада басталған жанжалдың салдарынан ұрылар Денис Тенге пышақ сұғып алған. Ол оң жақ санының жоғарғы тұсына жарақат алды. 25 жастағы Тен үш литр қан жоғалтып, ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді. Бірақ Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол Мусинов қосымша қан қажет еместігін және ресурстар жеткілікті екендігін мәлім еткен болатын.  2,5 сағатқа жалғасқан реанимациялық шараларға қарамастан, аурухана дәрігерлері оның өміріне араша түсе алмады. Сағат 17.30-да Олимпиада жүлдегері қайтыс болды.

Адам өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды. Бүгін белгілі болғандай, спортшының өліміне қатысы бар екі күдіктінің бірі ұсталып, ол қылмысын мойындады.

Екінші күдікті — 1994 жылы туған Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Ақай ауылының тумасы Арман Құдайбергеновке іздеу жарияланды.

25 жасында өмірі үзілген спортшымен қоштасу рәсімі 21 шілде күні Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтеді. Басталуы — сағат 10:00-де.

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ