Алматылықтар Денис Тен жараланған жерге гүл шоқтарын әкелуде

0
2

Алматылықтар Денис Тен жарақат алған жерге гүл шоқтарын әкелуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Фото: ҚазАқпарат

Қайғылы оқиғаға ортақтастығын білдіріп, қолдарына гүл ұстағандардың қарасы артып келеді. Бұл жерде 4-5 сағат бұрын жігіттің «Lexus GX» көлігі тұрған еді. Машинаны полиция қызметкерлері заттық айғақ ретінде алып кетті.

«Бұл тұтас елдің қазасы! Біз Олимпиада ойындары кезінде үнемі жанкүйер болатынбыз. Көз жасымды тыю мүмкін емес. Денис менің ағаммен араласып тұратын. Ол қазір Шымкентте. Хабарласып айтып едім, бірден гүл апаруымды өтінді», — деді Никита Закарин.

«Мен оны танымайтынмын. Бірақ, бұлай болғаны өте қорқынышты. Мұндай сұмдық азаматтық қоғамда болмауы тиіс», — деді қала тұрғыны Владислав Брагин.

Қалалық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға Құрманғазы Байсейітова көшелерінің қиылысында бүгін түскі сағат 15:00 шамасында болған. Спортшы көлігінің айнасын ұрламақ болған екі адамның үстінен түскен. Арада басталған жанжалдың салдарынан ұрылар Денис Тенге пышақ сұғып алған. Ол оң жақ санының жоғарғы тұсына жарақат алды.

25 жастағы Тен үш литр қан жоғалтып, ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді. Бірақ Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол Мусинов қосымша қан қажет еместігін және ресурстар жеткілікті екендігін мәлім еткен болатын. 2,5 сағатқа жалғасқан реанимациялық шараларға қарамастан, аурухана дәрігерлері оның өміріне араша түсе алмады.

Сағат 17.30-да Олимпиада жүлдегері қайтыс болды.

Оқиғаның тергелуін ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов та жеке бақылауына алған болатын.

 

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ