Астана ауруханасында сәбидің неліктен көз жұмғанын арнайы комиссия анықтайды

0
1

Астана ауруханасында сәбидің неліктен көз жұмғанын арнайы комиссия анықтайтын болды деп хабарлайды 24 Хабар арнасына сілтеме жасаған UZYN.KZ.

Фото: 24 Хабар

Баланың қазасына дәрігер кінәлі ме, әлде расымен де сәбидің өмірін құтқарып қалу мүмкін болмады ма? 2 жасар ұлынан қапияда айырылып қалған ана осы сауалдарға жауап іздеп жүр.

Хамит Омаров 9 мамыр күні Астана қаласындағы ауруханалардың бірінде қайтыс болған.

Туыстарының айтуынша, оған қате диагноз қойылған. Медициналық көмек те өз деңгейінде көрсетілмеген көрінеді. Ал дәрігерлер не дейді? Енді бұл жағдайды тәуелсіз комиссия қарап жатыр. Эльмира Омарова баласынан айырылғанына әлі сене алар емес. Екі жасар ұлы көп ауырмаған. Анасының айтуынша, дәрігерлер бүлдіршінге «аллергия» деп диагноз қойып, соған сай ем жасапты. Алайда жарты айдан соң Хамит есінен танып, жағдайы күрт нашарлап кеткен. Содан №1 аурухананаға жеткізіліпті. Бірақ тиісті көмек тек 12 сағаттан соң ғана көрсетілген.

«Реаниматологтар баланы кеш әкелдіңіз деді. Айтуларынша, ұлымның лактаты көтеріліп кеткен. Тиісінше ол кезде миға қан құйылады немесе жүрек талмасы ұстайды. Бірақ дәрігерлер баламда мұндай жағдай байқалмады деді. Арада бірнеше сағат өткен соң ақхалаттылар ұлымның көз жұмғанын хабарлады», — дейді қайтыс болған баланың анасы Эльмира Омарова.

Дәрігердің мәлімдеуінше, балада бронхит болған. Емдеушісі аталған диагнозбен тиісті дәріні бекітіп, балғынды рентгенге жолдапты. Бірақ сол дәрігердің өзі бүгін сұхбат беруден үзілді-кесілді бас тартты. Ал осы жағдайға байланысты тексеріс басталған.

Комиссияға тәуелсіз сарапшылар мүше. Енді қайғылы жағдайдың себебін педиатр, пульмонолог, балалар гематологы мен анестезиолог-реаниматологтар анықтайтын болады.

«Хамиттің емхана мен ауруханаға келген уақытынан бастап тіркелген барлық құжат тексеріледі. Баланың дамуы мен күндізгі емі бойынша жазылған қағаздарды жіті қарап шығатын боламыз. Арнайы сараптама жүргізіледі», — деді  қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті жетекшісінің орынбасары Марал Жұрынова.

Ананың бар үміті тексерістің нәтижесінде. Қайғылы жағдайға не себеп екендігін білу үшін қазір шыр-пыр болып жүр. Құзырлы органдарға да жүгініпті.

Мұндай шағымдар Қоғамдық денсаулық сақтау департаментіне жиі түседі. «Оның үштен бірінде арыз иесінікі дұрыс болып шығады», – дейді мамандар. Яғни қалған оқиғаларда дәрігердің кінәсі жоқ. Ал Хамитқа қатысты нақты нәтиже тексеру қортындысынан соң белгілі болмақ.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ