Астанада маса шаққан әйелдің өліміне қатысты бас дәрігер пікір білдірді

0
5

 Астанадағы №1 қалалық аурухананың бас дәрігері Марат Әбдуов маса шаққаннан кейінгі әйелдің өліміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Көрнекі фото

Еске сала кетсек, 28 жастағы Мақпал Еспенбетова маса шаққаннан кейін көмекке жүгініп, Астананың №1 ауруханасында ажал құшқан болатын. ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қайғылы оқиға бойынша тергеу жұмыстары басталғанын хабарлады.

«Қайтыс болған пациенттің туыстарына көңіл айтамыз және қайғылы оқиға бойынша тергеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ол 31 тамыз күні 15:40-та ауруханамызға келді және жәндік шағып алғанын айтты. Қандай жәндік екенін айта алмады. Токсиколог дәрігерлер оған ауруханаға жатуды ұсынды, алайда пациент балаларын 1 қыркүйекте мектепке апаруы керек екенін айтып, ауруханаға жатудан бас тартты. Сөйлесу барысында дәрігер қайтыс болған әйелдің аллергиясы бар екенін, бұған дейін аллергияға қарсы препараттарды өз бетімен қабылдап жүргенін білген. Дәрігер оған «Преднизолон» мен «Супрастин» дәрілерін жазып берген және ауыруды басу үшін мейірбике «Кеторол» еккен», — деді Марат Әбдуов Астана әкімдігінде өткен брифингте.

Оның айтуынша, аталған препараттарды қайтыс болған әйел бұрын да қабылдаған және сынама жүргізілмеген.

«Негізі дәрі сынамалары антибиотиктерге жүргізіледі, бұл препараттар шокқа қарсы дәрілер қатарына жатады және керісінше шок жағдайында беріледі. Қайтыс болған әйел бұрын да аталған препараттарды қабылдаған. Нақтылап айтқанда, бұлшықетке бір ампула Супрастин, бір ампула Кеторол егілген. Преднизолон 120 миллиграмм болған, бірақ оның 4 милилитрі — 30 милиграммын ғана», — деді М. Әбдуов.

Спикердің сөзінше, оқиға болысымен тергеу бригадасы мен криминалистер шақырылған және барлық ампулалар тексеруге берілген. Оқиғаға қатысы бар барлық қызметкерлерден жауап алынған.

«Оқиға бойынша арнайы комиссия құрылды. Комиссияға препараттар туралы барлық құжат жіберілді және бұл топтамадағы препараттар аурухана айналымынан алынып тасталды. Препараттар Үндістанда жасалған және СҚ-Фармация бірыңғай дистрибьюторы арқылы жеткізілген», — деді Марат Әбдуов.

Сонымен бірге, Марат Әбдуов дәрігерлер пациенттің жазбаша келісімін алып үлгермегенін жеткізді.

“Пациентке әзірге нақтыланбаған шок диагнозы қойылып отыр, өлім себебі баяу әсер ететін аллергиялық реакция болуы мүмкін. Яғни, ағзада аллерген жиналып қалады да, біртіндеп шок пайда болады. Мұндай жағдайдың болуы әбден мүмкін. Әдетте пациенттер стационарға рәсімделуде барлық іс-шараларға келісу үшін қол қояды. Дәрігер қайтыс болған әйелдің жақында ғана супрастин қабылдағанын, бұрын да қабылдап жүргенін анықтаған және жазбаша келісім алып үлгермеген. Мейірбике өзіне берілген тапсырманы орындап, бұлшықетке екі дәрі еккен. Преднизолонның 4 милилитрін егу барысында пациенттің жағдайы нашарлаған”, — деп түсіндірді бас дәрігер.

 

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ