Астанада тағы бір жүкті әйелдің қайтыс болғаны белгілі болды

0
3

Дәрігерлер Астанада тағы бір әйелдің қайтыс болғанын айтып берді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz. 

Көрнекі фото: Փաստինֆո

Астанада брифинг барысында Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова елордалық № 1 перинаталдық орталығында әйел адамның қайтыс болғанын мәлімдеді.

«1 қыркүйекте 22.20-да бесінші өлім тіркелді… Бұл кенеттен болған жағдай. Алдын ала «Су қағанағының қан эмболиясы (қан тамырларының бітеліп қалуы)» диагнозы қойылған. 2 қыркүйекте патологоанатомиялық зерттеуден кейін диагноз расталды. Алайда бұл алдын ала диагноз. Нақты себебін бізге бір аптадан соң гистологиялық тексерістен соң береді», — деді Әлия Рүстемова.

«Негізінде эмболия босанатын әйелдердің кенеттен қайтыс болуына себепші болатын аурулардың бірі. (…) Жүрек қағысы тоқтаған кезде, баланы аман алып қалу үшін баланы іштен жарып алу әдісі қолданылған», — деді ол.

Астананың штаттан тыс Бас акушер-гинекологы Иван Коркан бұл оқиғаның жыл басынан бері бесінші жағдай екенін айтты.

«Мұны дәрігердің қателігі деу — дұрыс емес. Бүгінде баланы еш алаңсыз көтеріп жүре алатын, емін-еркін босана алатын әйелдердің көрсеткіші — небәрі 15 пайыз. Басқа әйелдер қандай да бір аурумен ауырады және ол жүктілікке әсерін береді», — деді Иван Коркан.

«Баланы аман алып қалдық. Оның жағдайы ауыр. Бала тірі және өмір сүреді», — деді Астананың Бас штаттан тыс акушер-гинекологы. Айта кетейік, Астанада 21 маусымда № 1 перинаталдық орталықта әйел адам қайтыс болды, екіншісі 25 маусымда. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, екі әйел де жүктілікке қатысы жоқ экстрагениталды аурумен ауырған. 2 шілдеде Орталықта тағы бір әйел қайтыс болды. 16 шілдеде № 2 перинаталдық орталықта босанғалы жатқан әйел қайтыс болды.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері Қазақстанда босанғалы жатқан 30-дан аса әйел қайтыс болған.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ