Астананың «Барыс» командасы сырт айдында қытайлық команданы жеңді

0
2

Бүгін Астананың «Барыс» командасы құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойыны аясында Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» командасымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Фото: today.kz

Аталмыш ойын Қытайдың Шанхай қаласындағы «Фэйян» стадионында өтті.

«Куньлунь Ред Стар»  2016 жылы құрылды. Содан бері құрлықтық хоккей лигасында сынға түсіп келеді. Әзірге жоғары табыстарға қол жеткізе қойған жоқ. Команда құрамында негізінен шетелдік ойыншылар бар. Екі команда бұған дейін төрт мәрте кездесті. Оның үшеуінде біздің жігіттер жеңіске жетсе, біреуінде қытайлық хоккейшілер басым түсті. Олар  2016 жылы 12 желтоқсанда «Барысты» 5:1 есебімен тізе бүктірген еді. Соңғы екі ойында елордалық клуб мықты екенін көрсетті.

Бүгінгі кездесуде есепті «Барыс» командасы ашты. Ойынның 14-минутында елордалық Мэттью Фрэттин өз командасын алға шығарды. Екінші кезеңнің 25-минутында «Куньлунь Ред Стар» бір шайба соқты. Ол Войтек Вольскидің еншісіне жазылды.  Ал екінші кезеңнің 29-минутында «Барыс» хоккейшісі Антон Сагадеев есепті еселей түсті. Кейін елордалық тағы бір хоккейші Никита Михайлис мергендік танытып, есепті 3:1-ге жеткізді. Үшінші кезеңнің соңғы минуттарында айдын иелері қақпашыны хоккейшіге алмастырды. «Барыс» ойыншысы Виктор Сведберг қақпаның бос қалғанын пайдаланып, қорытынды есепті белгіледі. Бүгінгі ойында «Барыс» 4:1 есебімен жеңіске жетті.

Еске салайық, бұған дейін «Барыс» сырт айдында Владивостоктың «Адмиралын» 3:1 есебімен тізе бүктірген болатын. Ал 10 желтоқсанда Хабаровсктің «Амурынан» 1:2 есебімен жеңіліп қалды. Енді «Барыс» үш ойынын өз айдынында өткізеді.

Алдымен 18 желтоқсанда Череповецтің «Северсатль» клубын қабылдаса, одан кейін 20 желтоқсанда Ярославльдің «Локомотив», 22 желтоқсанда Владивостоктың «Адмирал» командаларымен кездеседі. 28 желтоқсанда сырт айдында Челябінің «Тракторымен» шеберлік байқасады.

 

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ