Атырау облысының Құрманғазы ауданында күй мерекесі өтті

0
4

Атырау облысындағы Құрманғазы ауданының С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде қазақтың ұлы күйші-композиторы Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 200 жыл толуына арналған «Шежіресі халқымның Құрманғазы» атты халықаралық домбырашылар байқауы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасаған UZYN.KZ.

Фото: ҚазАқпарат

Байқауда еліміздің батыс аймағынан 6 үміткер бақ сынасты. Атап айтқанда, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарынан, Атырау қаласынан, Махамбет, Қызылқоға, Құрманғазы аудандарынан арнайы келген жастар өз өнерлерін ортаға салды.

«Ауданымыздың 90 жылдық мерейтойына орай жасақталған іс-шаралардың негізінде халықаралық домбырашылар байқауын өткізуді жоспарлаған болатынбыз. Оған қатысуға ниет білдіргендердің саны көп болды. Бірақ түрлі себептерге байланысты біздің ортамыздан табылмай отыр. Дегенмен, біз санға емес, сапаға мән беруге жүгінеміз. Үміткерлерге ұлы бабамыздың рухы желеп-жебеп, шабыт берсін. Бүгінгі бастау алған Күй мерекесі құтты болсын»,- деді аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаев.

Екі күнге созылған өнер бәсекесінде аудан әкімінің орынбасары Ө.Тәжібаев барлық қатысушыларды аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттап, «Құрманғазы» атындағы арнайы жүлдені атыраулық Асылхан Жоламановқа тапсырды.

Үшінші дәрежелі лауреат атағы маңғыстаулық Мағжан Әсембаевқа берілсе, екінші орынды Батыс Қазақстан облысынан келген Азамат Қалиев пен Махамбет ауданынан қатысқан Айболат Ізжанов еншіледі. Жүлделі бірінші орын атыраулық Асылхан Жоламановқа бұйырды. Қазылар алқасының төрағасы Орақ Жауырұлы байқаудың бас жүлдесін, құрманғазылық Болат Долдашевқа тапсырды. Оған естелік сыйлық ретінде ағаш шебері Жұмалиев Талғаттың қолынан шыққан қолөнер туындысы табысталды.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ