Балалар лагеріне қандай талаптар қойылады

0
5

Бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин балаларға арналған лагерьлерді ұйымдастыру талаптары туралы айтып берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

Фото: ҚазАқпарат

Бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин балаларға арналған лагерьлерді ұйымдастыру талаптары туралы айтып берді. Оның айтуынша, балаларды сауықтыру мекемелерінде тамақ екі апталық ас мәзірі бойынша әзірленеді. Ондай шараның негізгі мақсаты — тағамдарды қайталамау.

«Мәселен, кешкі астан қалған тамақты таңғы аста қайта бермес үшін екі апталық ас мәзірі әзірленеді. Оны мекеме әкімшілігі рәсімдеп отыруы шарт. Сосын балалар жеміс-жидек, шырын және тағы басқа пайдалы тамақты көбірек жесін деген мақсат бар. Ас мәзіріне газдалған, тәтті, алкогольсыз сусындарды, фаст-фудтарды, қытырлақ картоптарды, қаймақ, майонез араластырылған салаттарды және санитарлық қағидалармен тыйым салынған басқа да тамақ өнімдерін қосуға болмайды», — деді Ж.Бекшин Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Оның сөзіне қарағанда, басты талаптардың бірі — ауыз су режимін сақтау. Лагерьде графин, кулер, диспенсер сияқты таза су сақтайтын ыдыстар көп болуы шарт. Ал төсек жабдықтары 7 күнде 1 рет немесе ластануына қарай ауыстырылады. «Аптасына бір рет балаларды моншаға апарып тұру қажет. Сосын күн сайын душқа түсу үшін жағдай жасалуы шарт. Бассейн мен су қоймаларын таза күйінде сақтау керек. Су қоймаларының тереңдігі — 70-130 см. Әрине, балалар шомылғанда медицина қызметкері мен бапкерлер қасында жүруі тиіс. Ата-аналар осы талаптарға баса назар аударса дейміз. Егер қандай да бір тәртіп бұзушылықтар болса, онда қоғамдық денсаулықты сақтау комитетіне 8 (7172) 74-18-64 телефоны бойынша xабарласуға болады», — деп атап көрсетті Ж.Бекшин.

Айта кетейік, Ж.Бекшин жаз кезінде той тағамдарын дайындау қауіпсіздігіне де тоқталды. Оның айтуынша, алдымен аспаздардың кәсіби дайындығын тексеріп алу қажет. Бас аспазда санитарлық кітапша болуы тиіс. Сырттан адам тартуға болмайды. Ыдыс-аяқты жуып тұратын адамдардың саны да жеткілікті болуы шарт. «Сосын тамақты сақтайтын арнайы құрал-жабдықтардың бар-жоғын тексеріп алған жөн. Дайын тұрған тамақ тоңазытқышта сақталуы қажет. Мейрамxанада ыстық су болуы тиіс. Тазалыққа баса мән беру керек. Негізі, тамақ жасайтын жердің санитарлық жағдайы жаппай улануға себеп болып жатады. Тойдың дастарқанын бір сағат бұрын жасаған дұрыс. Одан ерте жайылса, дайын тамақта микроағзалар тез өседі. Содан адам уланады. Әрине, тамақ өнімдерінің сақтау мерзімін үнемі бақылап отыру қажет», — деп атап көрсетті Ж.Бекшин.

Бұдан бөлек, Бас санитарлық дәрігер тойда жаппай уланудың басты себебін атады. Қоғамдық денсаулықты сақтау комитеті жазғы демалыс кезінде бірқатар мемлекеттерде вирустардың өршіп тұрғанын ескертеді.

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ