«Барселонаны» ойсырата ұтқан «Ливерпуль» айды аспанға шығарды

0
1

Ағылшынның «Ливерпуль» футбол клубы екінші жыл қатарынан Чемпиондар лигасының финалына шықты. Бірінші ойында «Барселонадан» 3:0 есебімен ұтылған команда қарымта кездесуде нағыз камбэк жасады, деп жазады Massaget.kz.

Фото: Reuters©

«Камп Ноуда» өткен бірінші ойыннан кейін «Ливерпульдың» қауқары белгілі болғандай еді. Финалға шығу мүмкіндігін көп сарапшылар жоққа санаған. Мұхаммед Салах пен Роберто Фирминоның алаңға шықпауы – ағылшындық клубтың жағдайын тіпті төмендеткендей көрінген. Бірақ Юрген Клопп жаттықтыратын команда екінші ойында каталондық клубты 4:0 есебімен ұтып, айды аспанға шығарды.

Ойынға Мұхаммед Салах Never Ggive up (Ешқашан берілме) деп жазылған жейде киіп келді. Бұл да командаластарын қанаттандырса керек. Жеңіске бастар жолды тапты. Бірінші голды 7 минутта Дивок Ориги соқты. Ал қалған үш гол да екінші таймда соғылды.

Андрю Робертсонның орнына кірген Джорджиньо Вейналдум жарқын ойынымен көзге түсті. Бар-жоғы екі минут ішінде дубль жасап (екі гол соғып) есепті еселеді. Қос ойын бойынша нәтижені теңестірді. 79 минутта бұрыштама добын асқан қулықпен орындаған Трент Александр-Арнольд Дивок Оригигетамаша пас асырды. Шабуылшы өз мүмкіндігін сәтті пайдаланып, «Ливерпульге» жеңіс сыйлаған голды соқты. Ағылшындық клуб екінші жыл қатарынан Чемпиондар лигасының финалына шықты.

«Барселона» болса өткен жылы ширек финалда «Ромадан» (3:1, 0:3) аса алмаған еді. Финалға шыққан екінші команда 8 мамырдан 9 мамырға қараған түні анықталады. Бірінші ойында 1:0 есебімен жеңіске жеткен «Аякс» өз алаңында «Тоттенхэммен» ойнайды.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ