Bek Аir ұшағының апатынан аман қалған бортсеріктің әйелі мәлімдеме жасады

0
1

Алматы маңындағы ұшақ апаты кезінде жанқиярлық жасаған экипаж мүшелерінің отбасы олардың еңбегі еленгенін қалайды. Мәселен, апатқа ұшыраған әуе кемесінің екінші бортсерігі Мұрат Сахов өлім мен өмір арасында қалған жолаушыларды жанталаса құтқарған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

Фото: КТК телеарнасының видеосынан кадр

Шахноз Сахова – апатқа ұшыраған әуе кемесінің екінші бортсерігі Мұрат Саховтың жұбайы. Күйеуінің тірі қалғанына мыңда бір шүкіршілік еткен келіншек ұшақ жерге құлаған сәтте үйінде болған. Жағымсыз жаңалықты таңғы тоғызда бір-ақ білген, оған ең әуелі жолдасының досы айтыпты.

«Ол маған, Шахноз, ұйқыңнан оян, ұшақ құлады деді. Қатты шошып кеттім. Жалмажан жылап жүріп күйеуіме телефон шалдым. Мұрат тұтқаны көтерді де: «Менде бәрі жақсы, жарақат алмадым, сабыр ет. Қазір сөйлесе алмаймын, адамдарды шығарып жатырмыз» деп жауап берді. Ол адамдар толық құтқарылғанша, сол жерде болыпты», — деді Шахноз Сахова.  

Келіншектің айтуынша, түс кезінде үйге келген күйеуі қан тиген киімін ауыстырып, мешітке барған. Артынша оны жауап алуға шақыртқан. Ол бірнеше рет тергеушілердің алдында болыпты. Әуе кемесінің қирағанын өз көзімен көрген Мұрат шаңырағында бұл тақырыпты мүлдем қозғамайды.

Айта кетсек, үш ұл тәрбиелеп отырған бортсерік осы мамандық бойынша қызмет еткеніне 3 жыл болған. Жолдасының әлі де өз-өзіне келе алмай жүргенін айтқан келіншек апат кезінде жанқиярлықпен жолаушыларды құтқарған экипаж мүшелері «назардан тыс қалмауы керек» деп есептейді.

«Бір жігіт апат кезінде аяғы ауыр келіншекті денесімен жауып қалған. Оның әрекетіне ерекше сүйсіндім. Кейін оған медаль тапсырғанын көрдім. Сондықтан әйел ретінде күйеуімнен «неге сендер туралы ештеңе айтылмайды» деп сұрадым. Ол мені сабырға шақырғаннан басқа жауап қатқан емес. Ұлдарым әкесін әрқашан мақтан тұтса екен деймін», — деді Мұрат Саховтың жұбайы. 

Әуе аптынан жүрегі шайлыққан келіншек жолдасынан жұмыс ауыстыруын өтінген көрінеді. Бірақ, бір өлімнен аман қалған Мұрат Сахов қызметінен кетпейтінін айтқан.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ