«Car city» базарында 94 адам ұсталды

0
1

Алматы полициясы «Car city»  автобөлшектер базарында 94 адамды ұстап, бөлімшеге жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Фото: ҚазАқпарат

Бұл туралы қалалық ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек айтты.

Рейд әлі де жалғасып жатыр. Осы уақытқа дейін автобөлшеу саудасымен айналысатын 1 133 дүңгіршек, 37 ТҚКО, 94 көлік тексерілді. Полицияның назарына түскен 936 адамның 94-і бөлімшеге жеткізілді.

«Олардың 17-сі Өзбекстан азаматы болып шықты. Олар ҚР Көші-қон туралы заңнамасын бұзған. Рейд барысында іздеудегі 5 қылмыскер ұсталды. Автобөлшек саудасымен айналысатын 5 сатушы  күмән туғызды. Олар бұрын пайдаланылған айна, әйнек, айна корпусы, тұманға қарсы фара, автомагнитола сататыны анықталды. Олар ресми дистрибьютор болса, сатқан тауарларына ресми құжат болуы тиіс. Мұндай құжаттар оларда жоқ болып шықты», — деді Салтанат Әзірбек.

Сондай-ақ, тексерілген кәсіпкерлердің үшеуі салық органдарында тіркелмеген болып шықты. Базар маңында саудамен айналысып жүрген 3 кәмелеттік жасқа толмаған жеткіншек Алматыдағы балаларды бейімдеу орталығына тапсырылды.

«Енді олардың ата-анасына ҚР ӘҚК 127-бабы бойынша әкімшілік жаза қолданылады. Ал балаларды жұмысқа салғаны үшін жұмыс беруші ҚР ӘҚК 86-бабы бойынша жауап беретін болады», — деді С.Әзірбек.

Айта кету керек, кешелі бері Алматыда автобөлшек базарында арнайы рейд жүргізіліп жатыр.

Кеше «Жібек жолы» автобөлшек базарын тексеруді бастаған еді. Жедел профилактикалық шара 29 шілдеге дейін жалғаспақ.

 

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ