Цифрлық технологияны қолдану негізінде құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз

0
2

Еліміздің жоғары жетістіктерге жетуіне оның табиғи байлығы емес, адами капитал сапасы, адамдарының білімі мен бәсекеге қабілеті ықпал етеді  деп хабарлайды Алматы Ақшамы сайтына сілтеме жасаған UZYN.KZ.

Фото: Ашық дереккөздерден

Ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Бәсекеге қабілеттілік дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықтағы бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін. Сондықтан әрбір қазақстандық сол арқылы тұтас ұлт ретінде ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, математикалық және компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар кез-келген адамның дамуына қажет алғышарттардың бірі. «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді», – дейді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің механика-математика факультеті 2015 жылдан бастап Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында профильдік магистратура бойынша мамандар дайындап жүр. Математика, математикалық және компьютерлік модельдеу бағыттары бойынша кәсіби мамандарды дайындау үшін ағылшын тілінде оқу бағдарламасы 2017 жылы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің қаржыландыру негізінде жасалды.

Аталған бағдарлама оқытушылардың біліктілігін жоғарылатуға, халықаралық алдыңғы қатарлы университеттермен ынтымақтастық байланысты арттыруға, материалдық базаны нығайтуға, жұмыс берушілермен тәжірибе алмасуға, талаптарды талдауға, ғылыми және өндірістік тағылымдамалардан өтетін зерттеу орталықтар тізімін толықтыруға, инновациялық білім беру курстарын оқу үрдісіне ендіруге мүмкіндіктер берді.

Қос дипломдық білім беру геоэнергетика бойынша 2010 жылдың 24 маусымында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ және Лотаринги ұлттық политехникалық институты (Франция) ректорлары геоэнергетика саласындағы Франко-Қазақстандық ғылыми-білім беру орталығын құру туралы меморандумға қол қойған кезден басталды.

Орталық жұмысының негізгі бағыттары: «Subterranean Reservoirs of Energy- Энергияның жерасты су қоймалары» магистратура мамандығы бойынша бірлесіп мамандар дайындау, сондай-ақ, бірлескен «Гео-энергия» докторантурасы; ғылыми консорциум; индустриялы консорциумы бар. 2010 жылдан бері 4 PhD доктор, 60-тан аса магистр дайындалды.

«Цифрлы Қазақстан» даму жол картасы аясында жұмыс нарығының сұранысы бойынша ҚР Білім және ғылым министрлігіне жоғары оқу орнынан кейінгі білім мамандықтарының жіктеушісіне «Робототехникалық жүйелер», «Деректерді өңдеу және талдау (Data Science)», «Актуарлық математика», «Қолданбалы математика» мамандықтарын енгізуге ұсыныс хат жолданды. Механика-математика факультетіндегі іргелі математика, дифференциалдық теңдеулер және басқару теориясы, механика, математикалық және компьютерлік кафедраларында ұсынылған мамандықтарды дайындауға тәжірибелі оқытушы құрамы жеткілікті.

Профессорлық оқытушы құрамы 2017 жылы 9 оқулық, 32 оқу құралын, 14 монография дайындады. 25 ғылыми зерттеу жобаларын орындады, скопус базасына енетін ғылыми журналдарда 114 ғылыми мақала, Thomson Reuters базасына енетін ғылыми журналдарда 31 ғылыми мақала жариялады. Ал халықаралық конференцияларда 106-ға жуық ғылыми баяндамалар жасалды. Факультеттегі «Алгоритм» студенттік бизнес-инкубаторында студенттерден құралған алты бизнестік топ тіркелген. Олар 11 коммерциялық жоба атқаруда.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің нәтижеге бағытталған жоғарғы өнімді үрдісті үлгісі негізінде механика-математика факультеті еліміздің дамуына және қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлауға үлес қосатын қуатты күш бола алады.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ