Дариға Назарбаева: Интернеттің қолжетімді болуы қылмыскерлерге үлкен мүмкіндік беріп отыр

0
0

Бүгін Алматыда өтіп жатқан «Эволюцияның 15 жылы: құбылмалы дүние және өзгеріc әкелген әлем» тақырыбындағы XV Еуразиялық медиа форумда Дариға Назарбаева интернеттің қолжетімді болуы қылмыскерлердің жұмысына да ықпал ететінін айтты деп хабарлайды Baq.kz.

«2002 жылы алғаш рет Алматыда жиналған кезде бұрын «айфон», «айпад», «фейсбук», «инстаграм» болмады. Бұл заттар қазір өмірімізге еніп, әлемді өзіне қаратты. «Пейджер» сөзі ұмыт болды. Диск телефонды ескі кинолардан ғана көреміз. Теледидар жәшігі сұйық кристалл экранға айналды. Ноутбуктың әртүрлілігі көздің жауын алады. Смартфон адамдардың қалтасында жүретін жеке компьютеріне айналды. Бүгінде интернетте іздеу жүйелері кез келген ақпаратқа жол ашады. Бұрын балалар қуыршақпен ойнаса, қазір девайс ұстайды.

Әлемде медианы пайдалану өзгерді, ең бастысы, жаңа медиашындықта өзін суда жүзген балықтай сезінетін ұрпақ пайда болды. Оларды қазір алғашқы цифрлық буын деп те атайды. Бұл буын дәстүрлі және жаңа медиа арасында таңдау жасамайды. Олар таңертең мультфильм қарап, одан кейін смартфон не планшетте ойнаса, сосын компьютерлік ойындар ойнайды. Олар мұнымен қоса әлеуметтік желіде бір-бірімен хат алмасып, бір-біріне қызықты фото, видеомен бөліседі», — деді Назарбаева ЕАМФ ашылу рәсімінде.

«Интернетке деген қолжетімділік талантты адамдарға ғана емес, авантюристерге, қылмыскерлерге, пропагандашыларға, терроризм теоретиктері мен практиктеріне де өз ойын айтуға мүмкіндік береді. «Троль» деп аталатын ақпараттық соғыстағы көрінбейтін әскерлер және жалған жаңалықтар мен фейк тарататындар нағыз апатқа айналды», — деді ол.

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ