Демалыс күндері тынығып үлгеру үшін…

0
0

Демалуға арналған екі күні зулап шыға келеді, ал шаршағандығымыз кетпейді. Сондықтан кей дүйсенбі күндері өзімізді әлсіз сезінеміз. Демалыс күні келер аптаға күш жинап алу үшін не істеу керек? деп жазады Massaget.kz.

Фото: unsplash.com

Жұмыстан басыңызды қажетсіз ойлардан босатып шығыңыз

Демалыс күндері аптаның 5 күні бойы энергияңызды алған жұмыс туралы ойламас үшін жұма күні жұмыстан шығарда барлық қажет емес ойларды тастап кетіңіз. Ол үшін аптаның соңғы жұмыс күні жоспарлауға аздап уақыт бөліңіз. Дүйсенбі жұмысқа келе сала алдымен істеу керек шаруаларыңызды жазып қойыңыз. Сол кезде ол шаруаларды демалыс күні ойламайтын боласыз.

Кей адамдардың жұмыс кестесі демалыс күні де жұмысқа оралуын талап етеді. Мысалы, электронды пошта тексеру немесе дүйсенбіге дейін күте алмайтын қоңырау шалу керек болуы мүмкін. Бұл жағдайда мұндай істерге нақты уақыт бөлуге тырысыңыз. Мысалы, поштаны тек күніне бір рет тексеріңіз. Себебі келесі апта жақсы энергиямен сапалы жұмыс істеуіңіз үшін дұрыс демалу қажеттігін ұмытпаңыз.

Қарама-қарсы әрекет іздеңіз

Күнделікті әрекетіңізді ауыстыру толыққанды демалуға және қажет энергияның пайда болуына ықпал етеді. Жұмыс күндері аяқталғанын ми қабылдаса да, адам денесі әлі де үйреншікті режимде болады. Соның салдарынан толыққанды демалмағандай боласыз.

Сондықтан қарама-қарсы әрекет іздеңіз. Мысалы, бес күн бойы компьютер алдында отырып жұмыс істеуге мәжбүр болсаңыз, демалыс күндері спортқа немесе басқа да белсенді әрекетке уақыт бөліңіз. Спорт дене пішініне жақсы әсерін берумен қатар адамды ұзақ уақытқа энергиямен қамтамасыз ететіндігін ұмытпаңыз.

Яғни, жұмыс күндері қандай іске уақыт бөле алмайсыз немесе аз бөлесіз, соларды (өзіңізге ұнайтын істер болғаны жақсы) демалыс күні істеуге тырысыңыз. Мысалы, кей әйелдер гардеробын толықтай шығарып тастап, асықпай реттеп жинағаннан соң өзін жақсы сезінеді.

Ұйқыңызды қандырыңыз

Дұрыс ұйқы – дене мен жан қуаттылығының кепілі. Ең дұрысы, жұма күні кешкісін шу жерге қыдырып барудың орнына үйге келіп, ерте ұйықтаған жөн. Ұйқы адамның жүйке жүйесі қызметін қалпына келтіреді және барлық органдарын демалтып, қалпына келтіреді. Бірақ табиғи жолмен ұйықтау керек. Өзіңізді қинап дәрі ішудің қажеті жоқ: тек дұрыс ұйқы ғана ағзаға жағымды әсер етеді. Ұйқыңыз қану үшін ұйықтар алдында далаға шығып серуендеп келіңіз.

Сонымен қатар, ұйқы сапасына ояну процесі де әсер етеді. Ұйқыдан тұрған соң созылуға уақыт бөліңіз. Артық ұйықтаудың ағзаға пайдасы жоқ. Сондықтан күнделікті режиміңізді сақтаған дұрыс. Ерте тұрсаңыз, демалыс күніңіз ұзақ бола түседі. Ұйқыдан тұрған соң душ қабылдап алсаңыз, күні бойы өзіңізді жақсы сезінесіз. Демалыс күнді нақты жоспарламаңыз

Демалыс күнге көп нәрсе жоспарламаңыз.

Егер үй жинау, ыдыс жуу, туыстарға кіріп шығу, баланы суға түсіру, азық-түлік әкелу секілді түрлі істерді жоспарлап қойсаңыз, біріншіден, дүйсенбіге дейін шаршап қаласыз. Екіншіден, жоспарланған істердің барлығын орындап үлгермесеңіз, көңіл күйіңіз түседі.

Өмірде күтпеген жағдайлар жиі орын алатындығын білеміз. Сондықтан демалыс күнді жоспарлап қойсаңыз, ол сіз ойлағандай жүрмесе, күні бойына көңілсіз боласыз.

Демалыс күндер тынығуға арналғандығын ұмытпаңыз. Сіздің міндетіңіз жұмыс күндері жоғалтқан күшіңізді қалпына келтіру болғандықтан демалыс күні үй шаруаларына да, өзіңізге де уақытты дұрыс бөлу керек. Демалыс күндер толқтай үй шаруасына кетпес үшін оларды жұмыс күндері аз-аздан орындай беру қажет.

Демалыс күнді дұрыс аяқтаңыз

Жексенбі күні кешкісін душ қабылдап, шөптерден шай дайындап, қандай да бір жағымды іспен айналысыңыз. Ол отбасыңызбен әңгіме айту немесе комедиялық фильм қарау болуы мүмкін. Бірақ жайға дейін отырудың қажеті жоқ. Ертеңгісін жұмыста қуатты болып жүру үшін ерте жатқаныңыз жөн.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ