«Egemen Qazaqstan»-ға 100 жыл: Алматы облысында байқау жеңімпаздары анықталды

0
5

«EgemenQazaqstan» газетінің 100 жылдығын атап өтуді аймақтар арасында алғашқы болып Жетісу өңірі бастады.  Облыстық Тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған «Тіл тарихы: жүз жылдық жылнама» атты публицистикалық шығармалар байқауының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Фото: ҚазАқпарат

Бір ай бұрын жарияланған байқауға жетісулық журналистер, тіл мен рух жанашырлары аса белсенділікпен қатысып, «Egemen Qazaqstan» газетінің ұлт тілінің дамуына қосқан үлесі мен қазақ руханиятындағы орнын саралаған шығармаларын ұсынды. Қазылар алқасының талқысына түскен еңбектердің арасынан 5 автордың жұмысы іріктеліп, жүлдеге ілікті.

Нәтижесінде, 1-орын облыстық «Jetisu» газетінің тілшісі Болат Мәжитке бұйырып, жүлделі 2-орынды жас журналист Дастан Қастай қанжығасына байлады. Ал 3-орынға «Jetisu» газетінің тілшісі Қажет Аңдас лайық болып, екі ынталандыру сыйлығы «Қаратал» аудандық газетінің бас редакторы Асхат Өмірбаев пен «Jetisu» газетінің тілшісі Мұхтар Күмісбекке берілді.

Талдықорғандағы Тіл сарайында өткен салтанатты жиынды ашқан облыстық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айдар Башбаев қазақ тілінің тағдырлы тарихындағы баспасөздің алатын орнын айшықтап, «Egemen Qazaqstan» газетінің ұлт дамуы мен тіл мәдениетін қалыптастырудағы ғасырлық шежіресіне тоқталды. Жиында басылым ардагері, кезінде газетте меншікті тілші болған аға буын журналист Әли Ысқабай, белгілі ысқақшы Тұрлыхан Кәрім, жетісулық майталман қаламгерлер Нүсіпбай Әбдірахым, Болат Абаған, ақын Сағыныш Намазшамова да сөз алып, бас басылымды мерейлі жасымен құттықтады.

Игі шара барысында басылымның Алматы облысындағы меншікті тілшісі Қалмаханбет Мұқаметқали байқауды ұйымдастырған облыс әкімдігіне, Тілдерді дамыту басқармасына және қалың оқырманға «Egemen Qazaqstan» газетінің басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлінің атынан алғысын білдірді.




ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ