Екі мың музыкантпен бірге домбыраның құлағында ойнаған министрге жұрт сүйсініп қалды (видео)

0
7

Астанада 1 шілдеде алғаш рет «Ұлттық домбыра күні» аталып өтті. «Қазақ елі» монументі алдында бір мезетте 2000-нан аса адам домбырада ойнады. Олардың арасында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы да бар. Жұрт көпшілікпен бірге қазақтың әйгілі күйлерін орындаған министрге ерекше ықылас танытқан деп хабарлайды NUR.KZ.

Арыстанбек Мұхамедиұлының өзі 2000 домбырашы бір мезгілде бірнеше шығарма орындағанын таңғажайып мерекеге балап отыр деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

«Қазақ халқы үшін домбыра – ұлттық аспап қана емес, оның жаны мен қаны, ары мен бары, қасиеті мен киесі. Домбыра – халықтың қайғы мен мұңын, қуаныш пен шаттығын жеткізе білген сенімді серігі. Ұрпақтан ұрпаққа бабалардың үнін жеткізіп, ұлы даланың сазды сарынын жырлаған да домбыра. Қасиетті домбыраны қолына алып, осы мерекені атап өту үшін үлкен-кіші қалаларда халық алаңға күймен шықты. Тек қана Астанада 2000 домбырашы бір мезгілде бірнеше шығарма орындаған таңғажайып мерекені елбасының өзі де тамашалады», – дейді Мұхамедиұлы.

Айта кетейік, екі мыңнан аса адамнан құралған домбырашылар дирижер Айтқали Жайымовтың жетекшілігімен «Көңіл ашар», «Адай», «Балбырауын», «Ерке сылқым» және «Сарыарқа» күйлерін орындады.

Бүгін, Астана төріндегі айтулы шарада, екі мың адамның арасында, дүбірлетіп домбыра тартып отырған майталман министрді көріп, көңілім сүйсінді… Ия, қазақи қасиеттеріміз қайта оралды. Қанша ғасыр толарсақтан саз кешіп жүріп аңсаған күнге жеттік. Бабаларымыз тұлпарының тұяғымен дүбірлеткен дүние жүзін «Ұлттық домбыра күні» домбыраның үнімен күмбірлеттік. Жыл сайын «Алтын тұлпар» аламан бәйгесін, «Қазақстан барысы» күрес додасын көрмесек, көңіліміз көншімейтін дәрежеге жеттік. Одан қалса, ұлттық салт санамыз бен дәстүр-ғұрпымыздың көне керуені даламызға Астанадағы айрықша этно-ауыл боп оралды. Келушілер садақ атып, ұлттық бұйым алып, ұлттық спортты тамашалап, ұлттық қолөнермен айналысып, нағыз қазақ екендігін шынайы сезіне алатын этно-ауыл қалалық қазақтардың демалыс мәдениетіне төңкеріс әкелген ойын-сауық болды. Күннен күнге айтыстай төл өнеріміздің қадірі мемлекеттік деңгейде көтеріліп, тәрбиелік мәні зор жыр-термелеріміздің насихаты күшейіп, дәстүрлі өнеріміз қанат жайып келеді. Қазақтың мәдениет майталмандары тек мемлекет аясында ғана емес, жаһандық деңгейде де өнерін көрсетіп, қазақ баласын күллі әлемге танытып жатыр. Айта берсек, атқарылған істер тізімі таусылар емес. #Ұлттықдомбыракүні #АрыстанбекМұxамедиұлы

Публикация от Muhamedjan Tazabek (@mukhamedzhan_tazabek)

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ