Елордада 6 мыңға жуық түлек үшін соңғы қоңырау соғылады

0
4

Аттестаттарды тапсыру салтанаты барлық мектептерде 15 маусымда өтеді. Биыл 2017-2018 оқу жылында мектеп қабырғасынан 5870 оқушы түлеп ұшпақ. Олардың 90% ҰБТ тапсыруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды BNews.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Фото: Ашық дереккөздерден алынды

Ең көп оқушы № 48 және № 75  мектепте 11 сыныпты тәмамдайды. Әрқайсысында 164 оқушы оқыса, № 64 мектепті 160 оқушы аяқтамақ. Айта кету керек, қала тұрғындарының сұрауы бойынша мектептерде экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында шарлар ұшырылмайтын болды.

ҰБТ-ға қатысуға 5329 оқушы (90,7 %) өтініш білдірген. Олардың 3293-і бірыңғай тестілеуді қазақ тілінде, 2030-ы орыс тілінде және алтауы ағылшын тілінде тапсырады. «Алтын белгіден» елорда түлектерінің 277-сі, үлгілі аттестаттан 318-і үмітті.

ҰБТ Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университеті базасында ұйымдастырылатын болады.

Астана қаласында ҰБТ 20 маусымнан 1 шілдеге дейін өтеді. Өткізу уақыты: сағат 9.00-ден 12.30-ға дейін. Аттестаттарды тапсыру салтанаты барлық мектептерде 15 маусымда өтеді.

«Алтын белгі» иегерлеріне құрмет көрсету мақсатында өтетін “Елорда мақтанышы”  кеші маусымның соңына белгіленді.

Айта кетейік, 2017-2018 оқу жылында елорда оқушылары республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларында 182 медальді иеленген болатын. Олардың 39-ы – алтын, 53-і – күміс және 90-ы – қола медальдар. Астаналық оқушылар республикада 12 жыл қатарынан жалпы командалық есепте алдыңғы қатардан көрініп, «Үздік команда» атағына лайық деп танылып жүр.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ