Энергетика министрі бензиннің бағасы өзгеруі мүмкін екенін айтты

0
0

Қазірдің өзінде елімізде жанар-жағармай артығымен өндіріледі. Резервтің көлемі бір жарым есеге көп болып тұр. Оған қоса, бір-екі айда ресейлік бензинді импорттауға тыйым салынады. Төртінші мұнай өңдеу зауытын салу жоспары да бар, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

Фото: NewTimes.kz

ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, Павлодар мен Атырау мұнай өңдеу зауыттарын жаңартқаннан кейін жоғары октанды бензинді өндіру көлемі артты.

«Қазіргі кезде профицит байқалады. Бүгін таңертең маған түскен мәліметке сәйкес, резервте АИ-92 маркалы бензиннің 358 мың тоннасы болды. Зауыттар да бензинге лық толы. Негізі, қалдықтың көлемі 200 мың тоннадан аспаса да жететін еді. Демек, қазір бізде бензиннің көлемі бір жарым есеге артық болып тұр. Қыркүйекте Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңарту жұмыстары толығымен аяқталады. Сол кезде бензиннің көлемі арта түседі. Қазан айында қалдықтың мөлшері 500-600 мың тоннаға жетуі әбден мүмкін», — деді Қ.Бозымбаев Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Министрдің айтуынша, артық өнім болғанда баға сәл-пәл өзгеруі әбден мүмкін. Бірақ оны өндіруші және жеткізуші компаниялардың өздері реттейді. Себебі мемлекеттік реттеу шарасын алып тастаған.

«Иә, ұсыныс көп болғанда өнімді өткізу қиындау. Сол кезде бензиннің бағасы сәл-пәл өзгеруі мүмкін. Мен нақты болжам айта алмаймын. Қазіргі кезде біз сол артық бензинді экспортқа шығару мәселесімен айналысып жатырмыз. Әрине, ондайда бензиннің шетелге көп кетіп қалмауын бақылау қажет. Әйтпесе, тапшылық туындауы әбден мүмкін. Бізде мұнай өңдеу саласында пысықай жігіттер көп қой. Олар кез келген уақытта бағаны көтеруге даяр тұрады. Сондықтан ішкі нарықтағы бағаны ұстау үшін экспорт пен өз сұранысымыздың тепе-теңдігін сақтауымыз қажет. Ал бензиннің экспортын Орталық Азия елдеріне, сондай-ақ, Каспий арқылы жүргізуге тырысамыз», — деп атап көрсетті Қ.Бозымбаев.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ