Euronews Қазақстан туралы бағдарлама түсіріп жатыр

0
4

«Kazakh Tourism» ҰҚ» АҚ шақыртуымен Қазақстанға Euronews NBC түсірілім тобы келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ұлттық компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Фото: Air Astana

Танымал «Adventure» бағдарламасының авторлары Қазақстан туралы 4 эпизод түсіруді жоспарлап отыр.

«Қызықты саяхаттар: толассыз әсер, адреналин және позитивті сезімдер» ұранын ұстанатын «Adventure»  — 250 миллионға жуық көрерменді қамтитын Euronews-тің беделді бағдарламаларының бірі. Бағдарламаның Қазақстан туралы эпизодтары биылғы қыркүйекте эфирден көрсетіледі», — деп хабарлады «Kazakh Tourism» Ұлттық компанияның баспасөз қызметі.

Ең алдымен бағдарлама авторлары Ақмола облысындағы Бурабай курорттық аймағында бүркітпен аң аулау тәсілін түсірді. Онда жергілікті бүркітшілер жабайы бүркітті үйрету және аңға құс салу туралы айтып берді. Қазіргі уақытта шетелдік топ Алатау тауларында хайкинг, маунтайн байк және даунхилл сынды  белсенді саяхат түрлерін түсіріп жатыр. Олар Алматы өңірінің табиғи ландшафты мен биік тауларына, көкорай шалғынына жоғары баға беріп жатыр.

«Қазақстандағы демалыстан тамаша әсер алдым. Табиғаты көркем, халқы мейірімді. Кез келген турист үшін демалыстың түр-түрін ұйымдастыруға болады. Алматыдағы түсірілімнен соң, Ақтауға барып, джип-тур түсіреміз», — дейді телеарна репортері Marta Pisoni.

Қазақстан туралы төртінші бағдарлама тау-шаңғысына арналады және оның түсірілімі желтоқсан айында Алматыда жүргізіледі.

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ