Еуропа қызыққан құмай тазы

0
1

Қазақ түсінігінде жеті қазына деген ұғым бар. Халқымыз сол асылдардың қатарына адамның сенімді досы ретінде итті де кіргізеді. Оған қасиетті деп құмай тазыны қосқан. Оны далаға жатқызбай, киіз үйдің бір бұрышынан орын берген. Ерекше күтіммен қарап, бағасын арттырған, деп жазады Massaget.kz .

Фото: voxpopuli.kz

Ескі түркілік таным бойынша, тазы иттен тумаған көрінеді. Ол айдалаға, елсіз және биік жерлерге ұя салатын италақаз деген құстың жұмыртқасынан пайда болған екен. Жұрт сары ала қаздың тұқымынан кейде күшік шығады, сол құмай екен деседі. Оған қоса ел арасында тағы бір әпсана тараған. Биологтар құмай деген құстың бар екенін айтады. Негізінен таулы жерлерді мекен етеді. Саны өте аз. Мұның қаншалықты ақиқат екенін ешкім дөп басып айта алмайды. Дегенмен, бұл ескі әңгімелердің астарынан құмайдың қазақ үшін қаншалықты қасиетті екенін аңғару қиын емес.

Ұлы даланы мекендеген алаш баласының көнеден үзілмей сақталып келе жатқан сарқытының бірі – саятшылық. Көшпелі күн кешкен бабаларымыз үшін осы орайда тазының орны ерекше болды. Қашқан аң құтыла алмайтын шапшаңдығы, желдей ескен жүйріктігі, қайтпас батырылығы оның бағасын арттырды. Тіпті, ашаршылық уақытында бір ауылдың адамдары құмайдың аңшылық күшімен аман қалған деген әңгімелер әлі де ел аузында. Сыртқы тұрқы әлсіз көрінгенімен одан артық аңға түсер ит жоқ. Керек десеңіз, қасқырға қарсы төтеп берер бірден-бір күштіңіз осы. Оны әсіресе, тазы асырап, түзге шығатындар жақсы біледі. Оған қандай күтім керек екені де соларға мәлім. Бала күнінен саятшылыққа құмар боп өскен шиелілік Ержан Шайрақ ең бастысы оларды күшік кезінен күреске үйретіп, аңшылықтың алғышарттарын орындату қажет дейді.

– Тазы тумысынан саятшылық үшін жаратылған. Қашқан аңның құтылуы қиындау. Дегенмен, оны таза аңшылық үшін асырасаңыз көзін ашқаннан баули бастау қажет. Күшік кезінде астына қасқырдың терісін төсеніш етсеңіз немесе жүрегін берсеңіз өжет боп өседі. Қаймығу деген қанынан жоғала бастайды. Ал ізге түсіп, тез табуы үшін тұмсығына кез келген аңның өтін құйған дұрыс. Төрт айлығынан теріні тартқызып ойнатып, мойнын сындыра бастаймыз. Кейін қоян, түлкіге түскенде алданбай, жалт бұрылуға дағдыланады, – дейді ол. Аңшылар әлгіндей жаттығуларды ертерек бастау қажет деп санайды. Әсіресе, мойны қатайып кетпей тұрып қолға алу қажет. Сосын сегіз айлығынан бастап ұсақ аңға сала беруге болады. Кейін ауызданып алған құмай өзі-ақ далаға шыққысы кеп тұрады.

– Тазыны аңға салар алдында да дайындайсыз. Жылқы баққандай жілік майын толтырасыз. Егер дұрыс күтім көрмесе, іші таза болмаса жүгірмейді. Ол үшін оған сары май мен жылқының құйрық қылын беріп құстыру қажет. Сол арқылы ішіндегі қыл-қыбырлар түседі. Осыдан соң саятшылықты бастай беруге болады. Тазы егер ұстаған олжасынан жейтін болса, онда оны тұстай соған беру керек. Себебі, ол аң адал саналмайды. Сондықтан, олжасына ауыз салмас үшін оны шикі етпен емес, піскен тамақпен қоректендіру қажет, – дейді Ержан.

Оның айтуынша, таза қанды тазының тұрқы өзгеше болады. Егер жамбастағы қос сүйегінің ортасы алақан сиярдай кең болса, оның жүйріктігін білдіреді. Сонымен бірге, бас сүйегінің төбесі үшкір болса, алдынан соққан желді жеңіл қабылдайды. Бойы да 75-80 сантиметрден аспауы қажет деп есептейді. Қазақтар тазыны жарғақ құлақ, шашақ құлақ деп екіге бөлген.

Сонымен бірге, будандасудан шыққан, терісі қалың, суыққа шыдамды, кесек денелі дүрегей деген түрі де бар. Осындай сұлу да жүйрік қазақ итінің 19 ғасырда Еуропада да танымал болғанын көпшілігіміз біле бермейміз.

Париж университетінің профессоры қазақ даласын аралап жүріп, Атырау өңірінен тазы тұқымын көреді. Содан қызыққан ғалым біздің жерімізден біреуін, Самарқанд қаласынан екеуін сатып алып еліне әкетеді.  Биологиялық зерттеу жүргізіп, қан құрамын тексеріп, жарысқа салады. Міне, қазақ құмайының танымалдығы осы жерден басталған. Еуропа иттерінің бірде-бірін алдына салмай, жылдамдығымен әлемді өзіне қаратады. Жүйріктігі батыс жұртын таңғалдырады. Сол кездегі баспасөз беттері дүниедегі ең сұлу ит деген атаулармен мақалалар басып шығарады.

Осындай танымалдылықтан соң тазы іздеушілер, қазақ даласын зерттеушілер көбейе бастаған көрінеді. Бір кездері бабамыз үшін құнды болған бұл асыл тұқымды қазынамыздың саны қазір азайып кетті. Еліміз бойынша бар-жоғы 500-ге жуықтайды.

Дегенмен, соңғы жылдары тазы тұқымын көбейту мемлекет тарапынан қолға алынып, назар аударыла бастады. Халықаралық тізімге қазақ итін жеке түр ретінде енгізу үшін оның стандарттары белгіленді. Онда сипатын, өлшемін анық келтірген. Сөйтіп, өзгеге қолды болудың алдын алдық.

Енді жеті қазынамыздың бірін жоғалтып алмауды, тұқымын көбейтіп, санын арттыруды жолға қою қажет. 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ