Гемофилияның аса сирек кездесетін түріне шалдыққан сырқат көмек сұрайды

0
3
Гемофилияның аса сирек кездесетін түріне шалдыққан Бағытжан Нургузова елден көмек сұрауда. Ол – ауыр дертке шалдыққан Қазақстандағы жалғыз сырқат, деп хабарлайды Baq.kz агенттігі.
Фото: Baq.kz
Дәрігерлік қателіктің құрбаны болған азаматшаға алты рет ота жасалған. 1998 жылы соқыр ішекті жою бойынша жасалған операциядан соң денсаулығы нашарлай бастаған. Ауруды хирургиялық жолмен жасаған дәрігерлер сырқаттың ішінде қайшыны ұмытып, кейін тілікті тігіп тастаған. Азаматшаның айтуынша, бұл жағымсыз жағдай туралы ақпарат дәрігерлік мұрағаттардан жоғалып кеткен.

«Денеде хирургиялық құралды ұмытып кету деген ақылға сыймайтын жайт. Салдарынан екінші рет ота жасауға тура келді. Нәтижесінде денеме инфекция кіріп, ауыр дертке шалдығып қалдым», — дейді сырқат.

Міне, азаматшаның «Виллебранд ауруы» атты сирек кездесетін ауруға душар болғанына 20 жыл болды. Бұл дерт қан айналымына зақым тигізетін генетикалық ауру болып табылады. Қазіргі таңда Бағытжан Нургузоваға арнайы ем ауадай қажет. Тиімді ем-дом шаралары Германияда жүргізіледі. Медициналық қызмет аса қымбат болғандықтан, азаматшаның елден көмек сұраудан басқа амалы жоқ. Неміс емханасындағы емдеу 35 мың еуроны құрайды. Десе де, салалық министрлік өкілдері сырқатқа квота бөлуден бас тартыпты.

«Қанды жақсылап тазалап, ота барысында түскен инвекцияны шығару керек. Барар жерім, басар тауым қалмады. Түрлі мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздырдым, бірақ нәтиже шықпады. Ресми хаттар мен өтініштер жолдап едім, нәтиже шықпады. 52 жасқа толдым, ел қатарлы толыққанды өмір сүргім келеді», — дейді Бағытжан Нургузова.

52 жастағы азаматшаның қолында бума-бума хаттар бар. Солардың біріне жауап берген ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері ол шалдыққан дерт кепілді мемлекеттік тегін меициналық қызмет көрсету тізіміндегі аурулардың тізіміне кірмейтінін алға тартқан.

«Осының салдарынан жатыр, жатыр түтікшелер мен оң жақ өкпемнің төменгі бөлігі алынып тасталды. Жуырда сегіз тісімнен де айырылдым. Енді сүйектерім бұзылып жатыр. Ресейлік дәрігерлер қанды тазарту үшін плазмоферез әдісін жасауды ұсынды. Дегенмен, отандық дәрігерлер осындай ем жасаудан бас тартып отыр. Себебі, кез келген уақытта қан кетіп, жағдайым қиындап кетуі мүмкін. Германияда қан тазарту бойынша тәжірибелі дәрігерлер бар, дегенмен, мүгедектік жөніндегі зейнетақым жетпейді», — дейді ол.

Бағытжан Нургузованың негізгі мамандығы – акушер-гинеколог. Ақмола облысы Көкшетау аудандық ауруханасында көп жылдар бойы еңбек еткен. Жалғыз қызы мен немересі бар.

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ